27.12.2006, 10:44 3189

Қазақстанда экология мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыру жөнінде нұсқаулар әзірленді

АЛМАТЫ. 26 желтоқсан. Kazakhstan Today. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы орталығы қоршаған ортаны қорғау министрлігі және Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының экологиялық форумы Қазақстанда экология мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыру жөнінде нұсқаулар әзірледі. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының экологиялық форумының төрайымы Қайша Атаханова мәлім етті, деп Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі хабарлайды.

ЕҚЫҮ Орхусс конвенциясы бойынша ұлттық сарапшысы Вадим Нидің айтуынша, бұл құжат Қазақстан азаматының экологиялық құқын жүзеге асыруға мүмкіндік береді және Орхусс конвенциясының бір талабын орындауды қамтамасыз етеді. "2005 жылы Алматыда өткен тараптар мәжілісінде /конвенцияның жоғарғы органы/ Қазақстан конвенцияның талаптарын орындауы керек деген шешімге келген болатын. Оның бірі экология мәселелерін шешуге қатысатын қоғам үшін нақты ережелер жасау, -деп атап өтті В.Ни.

Бұл құжат ақпаратты-анықтамалық сиапатта. Ол қоршаған ортаға әсер ететін әртүрлі факторларға баға беретін қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыру және дайындық жасау реттеріне сипаттама береді. В.Нидің атап өткеніндей, "бұл механизм көптеген елдерде жұмыс істеуде, мысалы Еуропа пен Америкада. Бұл шешім шығаруды анағұрлым ашық етіп, қоршаған орта мәселелерін шешуге септігін тигізеді".

К.Атаханованың айтуынша, бұл құжат "кез-келген азаматтың өзінің экологиялық құқығын денсаулығына қауіп төндіретін қандай да бір нысанға қатысты жүзеге асыруына мүмкіндік бермек. Егер бұл нұсқаулар іске асырылса, халық қоғамдық тыңдауларға қалай дайындалу қажет екендігін біліп, ал пікірлері тыңдалмаса еш болатындығына көз жеткізер еді. Біз өз құқығымызды біле отырып, қандай да болсын шешімге қарсылығымызды білдіре алар едік".

Мысал ретінде К.Атаханова атом электр станциялары құрылысын, уран өндіру және мұнай-газ кәсіпорындарына қатысты барлық тараптардың көзқарастарын назарға алу керектігін келтірді. "Бір жағынан экономикалық мүдделер, екінші жағынан экология. Қоғамдық тыңдаулар мамандарға қоса қарапайым адамдардың да пікірлерін тыңдауға мүмкіндік туғызады" ,-деді ол.

"Нұсқауды дайындау барысында Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жан-жақты қолдау көрсетті. Қазіргі кезде біз министрліктің болашақта құжатты әрі қарай қолдай ма жоқ па деген тыңғылықты шешемін күтіп отырмыз",-деді В. Ни.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, 2000 жылдың 23 қазанында РҚ қоғамның қоршаған ортаға қатысты шешімдер қабылдау барысында ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігіне ие болу туралы Конвенцияға қосылу туралы шешімге келген болатын. /Орхусс конвенциясы/ Ол 2001 жылы 30 қазанда күшіне енген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны