17.07.2007, 17:02 3031

Қазақстанда сандық телевидение жүйесін енгізу үшін шамамен $1 млрд қаржы қажет - Мәдениет және ақпарат министрлігі

АСТАНА. 17 шілде. Kazakhstan Today. Алдын-ала есеп бойынша Қазақстанда сандық телевидение жүйесін енгізу үшін шамамен $1 млрд қаржы қажет. Бұл туралы бүгін үкіметте өткен отырыста ҚР мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазір министрлік хабар таратудың қазіргі аналогиялық жүйесінен сандық форматқа көшуге ұйымдастырушылық-құқықтық жағдайлар жасауға бағытталған және 2008-2015-жылдарға арналған бағдарламаға қатысты жұмыстарды аяқтап келеді. Бұл жобаның алдын-ала құны 1 млрд долларға тең, жобаның кешенді мультипликативтік ақталу мерзімі жүзеге асырыла бастаған сәттен бастап 10 жыл", - деп мәлімдеді Е. Ертісбаев. Оның атап көрсетуінше, бұл жоба мекеме жүзеге асыруға ниет білдіріп отырған жоғары технологиялық топжарғыш алты жобаның біріне жатады.

Оның айтуынша, телехабарларды таратудың сандық жүйесіне көшу арқылы Қазақстан ТМД аясында бірінші болып "телехабарларды таратудың ең жаңа жүйесіне ие болып, әрбір отандық сандық телеарна хабар тарату аясын шұғыл кеңейту мүмкіндігіне ие болады, олар тіпті бүкіл республика көлеміне хабар тарата алады, сондай-ақ, бір жиіліктің шеңберінде бірнеше тақырыптық арна ашуға мүмкіндік алады".

Бұған қоса, министрдің айтуынша, телевидение саласының аудио- және бейнелік сипаттамалары да біршама өзгереді. "Бұл мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық бір мақсатқа жататын ақпараттық қоғам құру мақсатына қарай жасалған бір ауқымды әрі ықпалды қадам болмақ. Сонымен бірге біз медиа-монополиялардың болмауына алып келетін бәсекелі орта қалыптастыра аламыз", - деді ол.

Е. Ертісбаевтың айтуынша, жобаны жүзеге асыру "әлеуметтік хабарлардың топтамасын тарататын және сандық телекоммуникациялардың жеке меншік нарығын қалыптастыруға жағдай жасайтын" мемлектетік операторды құруды қажет етеді. "Бұған қоса ол Интернетке қол жеткізу қызметі мен басқа да интерактивтік қосалқы қызметтер көрсете алады, бұл тұтастай алғанда оның экономикалық тиімділігін арттырады", - деді министр.

"Сандық форматқа көшу техникалық толыққанды жабдықтауды талап ететіндіктен, отандық инвесторлар мен даму институттары қазірден бастап теледидарлар өндіру және құрастыру, сандық передатчиктер құрастыру, аналог жүйесінде жұмыс істейтін теледидарларды қабылдайтын арнаулы тұрмыстық тюнерлер құру секілді жобаларды іске қосу жайын ойластыра бастауға тиіс",- деді Е.Ертісбаев.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың жобаны қаржыландыру көзі туралы сұрағына министр : "қаржының басым бөлігі бюджеттен бөлінеді", деп жауап берді. "Біз сандық телевидениеге ден қою бағдарламасы бойынша қаржыландыруға атсалысу жөнінде жеке меншік телеарналардың өкілдерімен де кездесуге ниетіміз бар. Дегенмен, телеарнаның өзін жай ұстап тұрудың өзі қыруар қаржыны талап ететіндіктен, жеке меншік телеарналардан инвестиция күту әзірге ерте", - деді Е. Ертісбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны