14.01.2010, 15:37 4194

Қазақстанда таяудағы екі жылда 2 мыңдай балабақша пайдалануға беріледі

Қазақстанда таяудағы екі жылда 2 мыңдай балабақша пайдалануға беріледі

Астана. 14 қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстанда таяудағы екі жылда 2 мыңдай балабақша пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде "Мектепке дейінгі және орта білім жүйесі: жағдайы, өзекті мәселелері және болашағы" атты брифингте ҚР БҒМ Орта білім департаментінің директоры Нұрғали Аршабеков мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде 2010 жылдың 1 қаңтарында 373,1 мың баладан (2008 жылы - 324,3 мың) тұратын 4972 (2008 жылы - 3763) мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеуде (2003 балабақша, 2969 шағын орталық). Өткен жылы мектепке дейінгі ұйымдар саны 1209 бірлікке өсті (230 балабақша мен 979 шағын орталық).

Қазіргі таңда 260 мың бала (2008 жылы - 240 мың) мектепке дейінгі ұйымға кезекте тұр. Орташа есеппен алғанда, әрбір 100 орынға 111 баладан келеді (2008 жылы - 112 бала).

2009-2012 жылдардағы Республикалық бюджетте 57 400 орындық 200 балабақша құрылысына қаржы қарастырылған. Елбасының 2009 жылғы 13 желтоқсандағы "Тікелей желі" барысындағы балабақшалармен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөнінде берілген тапсырмасына сәйкес қысқа мерзімді және орта мерзімді шаралар әзірленіп, 2009-2015 жылдары мемлекеттік және жеке инвестиция есебінен мектепке дейінгі ұйымдардың объектілерін енгізу кестесі жасалды.

Аталған шаралар аясында мемлекеттік органдар орналасқан балабақша ғимараттарын босату, мектепке дейінгі ұйымдар ашу мақсатымен басқа да ғимараттар мен орындарды пайдалану, мемлекеттік тапсырыстарды меншік түріне қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда орналастыру туралы шешім қабылданды.

Қазіргі таңда республика бойынша мектеп жасына дейінгі балаларды қамту 38,7% құрайды, бұл көрсеткіш 2008 жылмен салыстырғанда 3,1%-ға артты. Балабақшамен қамтудың төменгі деңгейі Оңтүстік-Қазақстан (14,4%) және Алматы облыстарында (21,5%) сақталып отыр. Ал, Қостанай (21,5%) және Қарағанды (69,6%) облыстары бұл көрсеткіш бойынша алда.

Мектепке дейінгі ұйымдар нысандарын ашу кестесіне сәйкес 2009 жылдын соңына дейін елімізде мектепке дейінгі ұйымдар желісі 404 бірлікке өсті (17,1 мың орынға), 2010-2012 жылдары - 2 256 ұйымға көбейеді (204,3 мың орын), 2013 жылдың соңында мектепке дейінгі орындарға бүгінгі таңдағы сұранысты қанағаттандыра алады.

Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен келешектегі қамту 2010 жылдың соңына 46,4% құрайтын болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны