20.01.2010, 17:39 6000

Қазақстандық бір топ ғалым Биологиялық зерттеулер орталығын тарату қажет деген пікірде

Қазақстандық бір топ ғалым Биологиялық зерттеулер орталығын тарату қажет деген пікірде

Алматы. 20 қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстандық бір топ ғалым Биологиялық зерттеулер орталығын тарату қажет деген пікірде. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында академик Иса Байтулин мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Орталықты құру ғылыми-зерттеу мекемелерінің ахуалының нашарлауына, әсіресе, ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы мен мамандармен қамтамасыз ету ахуалының нашарлауына алып келді", - деді И. Байтулин.

Биологиялық зерттеулер орталығының құрылымына шаруашылық жүргізу құқығының негізіндегі 2 еншілес мемлекеттік кәсіпорын мен екі филиал енеді. Қызметкерлердің жалпы саны 862 адамды құрайды.

Ғалымның паймдауынша, Биологиялық зерттеулер орталығы "аралық буын болып табылады". "Оларға директорларды, зертхана меңгерушілерін тағайындау секілді үлкен құзырет берілген. Бұл басқарушы құрамның да біршама әлсіреуіне алып келді. Мәселен, үш жыл ішінде Ботаника институтында үш директор ауысты, институттан төрт ғылым докторы кетіп қалды. Онымен тынбай, биыл үш зертхананың қызметкерлері жарты ставкада қалып қойды", - деді И. Байтулин.

"Институттардың мәртебесін республикалық мемлекеттік кәсіпорындар деңгейіне дейін көтеріп, оларды ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылым жөніндегі комитетіне тікелей бағындыру керек", - деді ғалым.

Оның айтуынша, мемлекет басшысы ғылым жүйесіне барлық шешуші қатысушылардың функцияларын оңтайландыруға назар шоғырландырған. Осы орайда аралық бұтақтарды, тікелей ғылыми зерттеулер жүргізетін ғалымдардың жолында мемлекеттік қаржыландыруды алуда кездесетін кедергілерді жою қажеттігі айтылды.

"Институттарда іс жүзінде жеке меншігі жоқ. Меншік орталыққа тиесілі және сол орталық институтпен келіспей-ақ жөндеу жұмыстарын, меншікті иеліктен шығаруды өз бетімен іске асырады, сол себепті институттардың құқықтары біршама шектелген", - деді академик.

Баспасөз мәслихатына қатысушылардың пайымдауынша, Биологиялық зерттеулер орталығынның құрылымын оңтайландыру бүгінгі күннің талабына сай келеді.

Сондай-ақ, ғалымдардың хабарлауынша, Биологиялық зерттеулер орталығы аппаратының мамандар құрамы штат кестесі бойынша 17 адамнан тұрады. Биологиялық зерттеулер орталығы аппаратындағылардың айлық орташа жалақысы 102 мың теңгені құрайды, ол еншілес ұйымдардағы қызметкерлердің орташа жалақысымен салыстырғанда біршама артық (26 мың теңгеден 52 мың теңгеге дейін). Биологиялық зерттеулер орталығы аппаратын ұстауға жылына 20 млн 880 мың теңге жұмсалады.

"Биологиялық зерттеулер орталығының құрамында тек ғылыми-зерттеу институттарының құқықтық мәртебесі ғана төмендеп қоймай, тіпті, жекелеген жағдайларда жылдар бойы тірнектеп жинақтаған ғылым саласындағы беделі де біршама құлдырады. Биологиялық зерттеулер орталығының аппараты ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттырады, құрылымды тұрақтандырады, орталықтың өзіндегі және еншілес ұйымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды қалпына келтіреді деген үміттерді ақтамады. Қазір күтіліп отырған Биологиялық зерттеулер орталығын қайта құру биология ғылымы саласындағы қол жеткізілген позицияны сақтап қалуға және жақсартуға бағытталады", - дейді ғалымдар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны