13.09.2012, 14:21 3226

Қазақстанның әуежайлары жолаушыларға қызмет көрсетудің халықарлық стандарттарына көшеді

Атап айтқанда, Көлік және коммуникациялар министрлігі жолаушыларға қызмет көрсету сапасының стандарттарын дайындады. Аталған стандарттар бекітілгеннен кейін еліміздің әуежайлары мен әуе компаниялары жолаушыларға қызмет көрсету бойынша өз жұмысын жаңа ережелерге сай атқаратын болады.

Астана. 13-қыркүйек. Kazakhstan Today - Қазақстанның әуежайлары жолаушыларға қызмет көрсетудің халықарлық стандарттарына көшеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Атап айтқанда, Көлік және коммуникациялар министрлігі жолаушыларға қызмет көрсету сапасының стандарттарын дайындады. Аталған стандарттар бекітілгеннен кейін еліміздің әуежайлары мен әуе компаниялары жолаушыларға қызмет көрсету бойынша өз жұмысын жаңа ережелерге сай атқаратын болады.

Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа стандарттарға сәйкес әуежайлар өткізу қабілетіне байланысты санаттарға бөлінеді. Ал, аэробекеттерде көрсетілетін қызметтер "міндетті" және "қосымша" санаттарға бөлінеді. Мысалы, ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, валюта айырбастау пункті, жүк сақтау қоймасы, такси диспетчерлік кеңсесі, дәріхана, діни әдет-ғұрыптар бөлмесі, табылған заттар бюросы, баспа өнімдерін сату дүңгіршектері, қоғамдық тамақтану жерлерінің болуы міндетті қызметтердің қатарына жатқызылады. Қосымша қызмет түрлеріне, орташа әуежайларда күту аймағында балаларға арналған ойын бөлмелері, мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған күту бөлмелері, бизнес-орталықтар, қонақжай, пошта және курьер қызметтері, т.б. енгізіледі.

Дайындалған стандарттарда жолаушыларға қызмет көрсету сапасының нақты критерийлері мен бағалау параметрлері анық жазылған. Мысалы, жолаушы айналымы жылына 1 миллион адамды құрайтын әуежайда көлік тұрақтары 558-ден кем болуы керек. Автотұрақтардан аэробекетке баруға кететін уақыт 5 минуттан аспауы тиіс. Күту аймағында арнайы адам шоғырланатын жер болмаған жағдайда жолаушылар мен шығарып салушылар үшін отыратын орындар 20 пайыздан кем болмауы тиіс. Ал, егер адам көп жиналатын жер болса, онда жолаушылардың 60 пайызы отыру мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Сапарлар кестеге сәйкес орындалып жатқан жағдайда жолаушылардың төлқұжат және виза бақылауларынан өту уақыты ұшып келгенде 15 минуттан, ұшып бара жатқанда 10 минуттан аспауы тиіс. Жолаушылар ұшып келгенде әуежайда оларға қызмет көрсету уақыты 45 минуттан, ұшып бара жатқанда - 60 минуттан аспауы тиіс.

Сонымен қатар, әуе кемелерінің ішінде жолаушыларға көрсетілетін міндетті және ұсыну қызметтердің тізімін анықтайтын талаптар бекітілді. Міндетті қызметтердің қатарына үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету, әр жолаушыға жеке қызмет көрсету, науқас, мүгедек, қарттар және балалы жолаушыларға ерекше көңіл бөлу, сәбилерге арналған аспа-бесіктерінің болуы, алғашқы дәрігерлік көмектің көрсетілуі, борт тамағының берілуі, мерзімді баспасөз құралдарының ұсынылуы жатады. Ұсыну қызметтердің қатарына кино көрсетілімі, жер үсті абонентімен мобильді байланыстың ұсынылуы, желісіз Интернеттің болуы жатады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны