16.04.2008, 17:39 3621

Қазақстанның қоғамдық ұйымдары еліміздің білім беру жүйесінің тиімсіз болу себептерін анықтамақшы

Қазақстанның қоғамдық ұйымдары еліміздің білім беру жүйесінің тиімсіз болу себептерін анықтамақшы

Алматы. 16 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның қоғамдық ұйымдары еліміздің білім беру жүйесінің тиімсіз болу себептерін анықтамақшы. Бұл туралы бүгін мектепте білім беру мәселесіне арналған баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Соңғы жеті жылда білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жеті есеге артты. Алайда ҰБТ қорытындылары оқушылардың білім деңгейі мен оқыту сапасының өзгермегенін көрсетіп отыр. Бұл әсіресе ауылды жерлерде айқын байқалады. Ауыл және қала мектептері арасындағы ҰБТ көрсеткіштерінің айырмашылығы 15% құрайды"- деп мәлімдеді Қазақстан Сорос қорының "Бюджеттің ашықтығы мен есеп берушілік" бағдарламасының менеджері Жәнібек Хасан.

Қазақстанда білім беру жүйесінің не себепті ақсап тұрғанын анықтап, оның жақсарту жолдарын әзірлеу үшін бірнеше қоғамдық ұйым атсалысып, "Сапалы білімге қол жеткізу: ҚР ауыл мектептері оқушыларының мүмкіндігі мен шектеулері" атты жобасын жүзеге асыратын болады.

Баспасөз мәслихаты ұйымдастырушылардың мәліметтері бойынша Қазақстандағы мектептердің 75% ауылдық жерлерде орналасқан. 2000 жылдан бері кіші кешенді мектептер саны 500 -ге ұлғайды. Осы мектептерде көбінесе мұғалімдер және материалдық техникалық құрал- жабдықтар жетіспейді.

"Ауылды мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің басым көпшілігі егде жасқа келгендер. Ауылдың мектеп мұғалімдері арасында жүргізілген сауалнама қорытындылары бойынша, олар мүмкіндік болса басқа жұмысқа ауысатындықтарын айтқан", -деді "Сандж" зерттеу орталығы қоғамдық қорының вице-президент Айгүл Тағатова.

Жоба кеңесшісі Елена Ожгоның сөздері бойынша білім беру жүйесінің мәселесі "қаржы көлемінде ғана емес, жалпы бюджетті қалыптастыру тізгінінде шоғырланған". Қазақстанда "орталық басқару тәжірибесі қолданылып, жоғарыда аймақтағы мектеп санына қарай бюджет жасалады. Сөйтіп,әр мектеп пен аудандардағы түйткілдер қаперге алынбастан, орташа мөлшермен қаржы есептеледі ", - деп толықтырды ойын Е. Ожго.

Жобаның жұмысы кезінде мектептерді қаржыландырудың әлемдік тәжірибесі зерттеліп, оны біздің жүйемізде қолдану мәселесі қарастырылады.

"Бұл мектеп санынан бұрын оқушылар санына қарап бюджетті қалыптастыру керек. Бюджет бірқатар белгіленген алгоритмдерге сәйкес есептеліп жасалуы қажет: оған тұрғындар тығыздығы, аймақтағы от басының табысы, баланың денсаулығы, құрал -жабдықтар ресурстары, ұстаздар, мектептің географиялық орнасуы ", - деді Е. Ожго.

Оның айтуынша "әрбір мектептің қаржыландыруы айрықша болады. Бюджетті өз қолына алатын мектеп өзінің жұмысына, мектепте білім беруді жақсартып оны дамытуға қажетті қаржыны бағыттайтын болады".

Спикерлер атап өткеніндей, ата- аналар қоғамы да мектептің қажеттігін анықтап оған бөлінетін қаржы мен бюджеттің атқарылуын бақылауы тиіс. Алайда, "ата-ананың тек 30% мектеп мәселелеріне назар аударады", - деп атап өтті А. Тағатова. Сондықтан жоба аясында бірқатар ата-аналар қоғамдарымен кездесулер өткізілетін болады.

Жоба авторлары мектептерді қаржыландырудың қағидасын өзгертіп қана қоймай, заңға кіші кешенді мектептердің статусын өзгерту жөнінде өзгерістерді енгізуді ұсынып отыр.

Жобаның құрамына Сандж" зерттеу орталығының қоғамдық қоры, "MediaNet" халықаралық журналистика орталығы мен тәуелсіз сарапшылар кірді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны