21.12.2012, 13:49 2915

Қазақстанның премьер-министрі Өзбекстанның үкімет басшысымен кездесті

Келіссөздер барысында Үкімет басшылары қазақ-өзбек ынтымақтастығының көкейкесті мәселелері бойынша пікір алмасты. Тараптар сауда-экономикалық және су-энергетикалық салаларындағы өзара әрекеттестік аспектілерін талқылады.

Астана. 21-желтоқсан. Kazakhstan Today - Бүгін Қазақстанның Премьер-Министрі Серік Ахметов Өзбекстанға жасаған ресми сапары шеңберінде осы елдің Премьер-Министрі Шавкат Мирзиёевпен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Келіссөздер барысында Үкімет басшылары қазақ-өзбек ынтымақтастығының көкейкесті мәселелері бойынша пікір алмасты. Тараптар сауда-экономикалық және су-энергетикалық салаларындағы өзара әрекеттестік аспектілерін талқылады.

"Өзбекстан Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Бүгінде қазақ-өзбек қарым-қатынасы дамудың үлкен әлеуетіне ие және барлық салалар бойынша одан әрі жандандыруды қажет етеді. Біз өзара тиімді байланыстарымызды одан да тереңдете түсуге мүдделіміз", - деп атап өтті кездесу барысында С.Ахметов.

Екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтудың бір мысалы - Іскер Кеңесті құру болып табылады деп есептейді Премьер-Министр. Оның пікірінше, Кеңес екі елдің іскер жандары арасындағы тығыз әрі тиімді үнқатысуды қалыптастыруға ықпал ететін болады.

"Қазақстан-Өзбекстан Іскер кеңесінің құрылуы екі мемлекеттің бизнес-құрылымдарын біріктіріп нығайтудың тетігі болатынына сенімімін", - деп мәлімдеді С.Ахметов.

2011 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 24% артып, 1,9 млрд. АҚШ долларына жетті. Осы жылдың 10 айы ішінде екіжақты сауда көрсеткіші 1,7 млрд. АҚШ долларына жетіп, өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 10,8% артты.

"Тақаудағы бірнеше жылда біз тауар айналымының 5 млрд. АҚШ доллары деңгейіне шыға аламыз. Егер біз тауар номенклатурасын кеңейтуге тікелей ықпал ететін экономиканың басым секторларын анықтасақ, онда өзара сауда көлемін барынша ұлғайта аламыз", - деді С.Ахметов.

Өз кезегінде, Ш.Мирзиёев "Қазақстан Өзбекстанның аса маңызды стратегиялық серіктестерінің қатарына жатады" деп атап өтті. "Біз Қазақстанның Президенті Н.И.Назарбаевтың өз елін әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа деңгейіне көтерудегі күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Біз Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын аса қызығушылықпен оқып шықтық және сіздерге осы ауқымды міндеттерді іске асыруда табыс тілейміз", - деді Ш.Мирзиёев.

Кездесу барысында Үкімет басшылары екі елдің транзиттік- көлік әлеуетін дамыту мәселесін де талқылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны