25.02.2009, 16:46 3199

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде "Алаш" қозғаласының тарихи маңызы жайлы еңбектің тұсаукесері өтті

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде "Алаш" қозғаласының тарихи маңызы жайлы еңбектің тұсаукесері өтті

Астана. 25 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде "Алаш" қозғаласының тарихи маңызы жайлы еңбектің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды агенттік тілшісі Мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметінің хабарламасына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін Ресей астанасы - Мәскеуде қазақ ғалымы Дина Аманжолаваның "На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана" атты еңбегінің тұсаукесер рәсімі болып өтті. Оған Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иділбек Жақсыбеков, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Берік Ибдіғалиев, "Нұр Отан" ХДП-ның хатшысы Ерлан Қарин, сондай-ақ бір топ қазақстандық және ресейлік тарихшы ғалымдар қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған тарихшы ғалымдар: "Алаш" қозғаласының феномені жалпыұлттық деңгейде әлі күнге дейін тарихи және ғылыми тұрғыда өзіне лайық бағасын алған жоқ. Өз отандасымыз Дина Ахметжанқызының бұл еңбегі аталған олқылықтың орнын толтыруға қосқан үлес болды",- деп атап өтті.

Мәскеулік қандасымыздың бұл еңбегі Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен "Нұр Отан" ХДП-ның қамқорлығы аясында жуықта ғана Қазақстанда жарық көрген болатын.

Аталған кітап туралы жоғары бағалаған "Нұр Отан" ХДП-ның хатшысы Ерлан Қариннің айтуынша, "Еңбек тек тарихи деректерді ғана түзіп шықпаған, мұнда көпшілік біле бермейтін тың дүниелер бар. Өткен ғасыр басында мемлекет үшін жанкештілік жолдан өткен біздің зиялы қауымның қандай деңгейде болғанын бағамдайсыз".

"Автор "Алаш" қозғалысының 90 жылдығына осынау тың еңбегі арқылы баға жетпес тарту жасады деп санаймын. Ирі компартияның қанқұйлы саясаты кесірінен опат болған қазақ зиялылары туралы кітаптың тұсаукесері Мәскеу төрінде өтуі де маңызды оқиға болды деп бағалаймын",- деді сөз кезегі келгенде Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Берік Ибдіғалиев. Аталған еңбек Мемлекеттік тілді дамыту қорының мұрындық болуымен шығып отырған алғашқы еңбек екенін атап өткен қор директоры "алдағы күндері біздің қор қазақтың ағартушылық бағытында осындай соны кітаптарды шығарып отырады", деді.

Дина Аманжолова "Алаш" тақырыбын он жылдан астам уақыт зерттеп жүрген ғалым. Ол 1995 жылы осы ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбында докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғаған. 150-ге жуық ғылыми және әдістемелік еңбек, 15 монография мен 8 оқу құралын жазды. Оның еңбектері Ресей, Қазақстан, Англия, Германия, Франция және Жапония сияқты елдерде жарияланған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны