26.10.2006, 16:34 3516

Қазақтардың ұлттық мәртебесі мен ұлттық өзін-өзі бағалау деңгейі мемлекет құраушы ұлт мәртебесіне сай келді - президент

АСТАНА. 26-қазан. Kazakhstan Today. Қазақтардың ұлттық мәртебесі мен ұлттық өзін-өзі бағалау деңгейі мемлекет құраушы ұлт мәртебесіне сай келді. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда Астанада өткен Қазақстан халықтары ассамблеясының 12-сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"15 жыл ішінде қазақтар статистика бойынша ғана емес, іс жүзінде де шынайы қалалық ұлтқа айналғанына назар аударушылар некен-саяқ. Қазақстандық қалалардың әлеуметтік құрылымында шағын партиялық буын мен гуманитарлық зиялылардан басқа қазақтардың басым бөлігі еңбекақысы төмен және беделі аз жұмыспен айналысқаны бәріміздің есімізде. Қазіргі таңда бизнестің барлық құрылымдарында, менеджмент, ақпараттық-технологиялық және басқа да барынша беделді салаларда қалалық қазақ тұрғындары кеңінен қамтылған",- деді ол.

"Қоғамда болып жатқан өзгерістерді түсінуде бұл ілгері қадамның қағидаттық маңызы бар. Елдің білім беру ортасы қағидаттық тұрғыда өзгерді. Кеңестік кездегі халықтардың тең құқылығы жөнінде сөз қозғайтындар, мысалмен келтірсек, Алматының өзінде ұзақ жылдар бойы тек бір ғана толыққанды қазақ тіліндегі мектептің болғанын ұмыта отырып, қатты өтірік айтады. Бүгінде мектеп оқушыларының 60 пайызға жуығы қазақ тілінде білім алуда. Бәзбіреулер қазақ тілінде білім беру стандарты әзірге қазіргі заман талаптарына сай келмейді-міс деген байлам жасауда. Мен мұнымен үзілді-кесілді келіспеймін. Міне, нақты мәлімет - халықаралық мектеп олимпиадалары жеңімпаздарының 64 пайызы қазақ мектептерінде оқитындар".

Президенттің айтуынша, "бүгінгі таңда республиканың 119 жалпы білім беретін мектептерінде 15 ұлттың өкілдері өз ана тілдерін оқуда. Тағы бір мәлімет: Қазақстанда жалпы білім беретін мектептердің 40 пайыздан астамы орыс тілінде оқытып келеді. Осының барлығы мемлекеттің ешкімнің ұлттық ерекшеліктеріне шектеу жасамастан, стратегиялық міндеттерді шешіп, табысымыздың екінші факторына айналдыра алған сарабдал ұлттық саясат жүргізгенін айғақтайды. Біз мұндай саясатты одан әрі де жүргізе бермекпіз".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны