24.11.2006, 18:15 3040

Кедендік бақылау комитетінің бірқатар қызметкерлері жұмыстан босатылды

АСТАНА. 24-қараша. Kazakhstan Today. ҚР қаржы министрлігі кедендік бақылау комитетінің бірқатар қызметкерлері жұмыстан босатылды,- деп мәлімдеді бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР қаржы министрлігі кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Ибдішев.

Оның айтуынша, мәселен, кедендік бақылау комитетінің контрабандамен күрес басқармасының бастығы Ерлан Жұмабаев қызметтен шеттетілді. "Ол контрабандамен күрес саласындағы жұмыстардың босаңдығына байланысты жұмыстан шығарылды", деді Б.Ибдішев.

Сонымен бірге "Қордай" кеден бекетінің бастығы Тұрсын Ермеков жұмыстан шығарылды. "Оны жұмыстан босату "Қордай" кеден бекеті арқылы Қытайдан Қырғызстан бағытында жалған транзит жасау дерегінің әшкереленуіне байланысты",- деді Б.Ибдішев.

Ол сонымен қатар "Бақты" кеден бекетінің бастығы Арда Игембаевтың да жұмыстан босатылғанын, ал "Бақты" кеден бекетінде әшкереленген заң бұзушылық деректері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, соған сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. "Осынау қылмыстық істер Қазақстан аумағына Қытайдан тауар тиелген көліктерді бос деп көрсетіп өткізіп жіберуге байланысты",- деді комитет төрағасының орынбасары.

Сонымен бірге ол таратқан ақпаратқа сәйкес, кедендік бақылау комитетінің Алматы қалалық департаменті төрағасының орынбасары Қайрат Құрманғалиев та қызметтен босатылды. Тікелей құқық қорғау бөлімін басқарған ол "Бақты" және "Қордай" кеден бекеттеріндегі жайттардың егжей-тегжейі толық айқындалғанша қызметтен шеттетіле тұрады.

Кедендік бақылау комитетінің ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы Дулат Қабдырахмановқа қатаң тәртіптік жауапкершік жүктелді.

Б.Ибдішевтің хабарлауынша, Ақмола облысындағы "Аршам" және Қостанай облысындағы "Жылқуақ" кеден бекеттерінің бастықтары мен бұлардан басқа да "түрлі заң бұзушылықтарға қатысы бар кейбір лауазым иелері де қызметтен босатылды". "Олардың басым бөлігі контрабандамен және сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында жүргізілген жұмыстардың әлсіздігі үшін лауазымдарынан шеттетілді",- деді б.Ибдішев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны