30.03.2010, 18:06 3302

Қырғызстан СІМ ресейлік БАҚ-тардағы хабарларға байланысты қарсылық нотасын тапсырды

Қырғызстан СІМ ресейлік БАҚ-тардағы хабарларға байланысты қарсылық нотасын тапсырды

Бішкек. 30 наурыз. Kazakhstan Today - Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі Бішкектегі РФ елшілігіне ресейлік БАҚ-тарда Қырғызстан басшылығының атына айтылатын сыни хабарлардың көбеюіне байланысты қарсылық нотасын тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today AFP агенттігіне сілтеме жасап.

AFP (Франс Пресс агенттігінің) мәліметінше, "Ресей Федерациясының мемлекеттік және мемлекеттік емес Бұқаралық ақпарат құралдарында қырғыз басшылығының беделін түсіруге жасалған талпыныстар туралы" жазылған нота Бішкектегі РФ елшілігіне табысталды.

"Азаттық" радиосының хабарлауынша, Қырғызстан жағы осы елдің президенті Құрманбек Бакиев пен оның отбасының атына айтылған айыптауларға байланысты наразылық білдіріп отыр. "23 наурызда келісім құрылтайында сөз сөйлеген Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев ресейлік бірқатар БАҚ-тардың елдегі ахуалды бұрмалай көрсетіп отырғанын мәлімдеген. Ол сонымен бірге ресейлік басшылықтағы әлдекімдер Қырғызстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіргісі келеді деп атап көрсетті", - деп хабарлайды радио.

"Кейінгі екі аптада ресейлік БАҚ-тарда мақалалар, телерадиохабарларының топтамасы шықты, онда Қырғызстан басшылығына сыбайлас жемқорлық, отбасылық басқару жүйесін құру, халықаралық мафиямен байланыс және оппозицияны тұншықтыру жөніндегі айыптаулар айтылған. БАҚ-тар әсіресе президент Бакиевті қаржының ұрлық-қарлығынан қолы таза емес азаматтармен байланыста, азаматтық құқықтар мен бостандықтарды таптайды, президенттің туыстары ел өмірін басқаруға белсене араласады деп кінәлайды". - делінген "Азаттық" хабарламасында.

Ал кеше Бішкекте ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжа 24.kg агенттігіне берген сұхбатында "Ресейде мақсатты түрде Қырғызстанға қарсы ешқандай да науқан жүргізіліп жатқан жоқ", деп мәлімдеді.

Н. Бордюжа атап өткендей, ресейлік басылымдарда жарық көрген кейбір қолайсыздау пікірлер Ресей Федерациясында сөз бостандығы бар екенін паш етеді. "Осылай деді екен деп әлгі журналистер мен саясаттанушылардың қолын кесіп алмаймыз ғой? Олардың жазған осындай мақалаларынан кейде төбе шашың тік тұрады. Алайда бұл мемлекеттің ұстанымын әсте білдірмейді", - деп мәлімдеді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны