08.04.2010, 11:10 2950

Қырғызстанда тәртіпсіздіктер кезінде 65 адам қаза тауып, 495-і жараланған - Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі

Қырғызстанда тәртіпсіздіктер кезінде 65 адам қаза тауып, 495-і жараланған - Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі

Бішкек. 8 сәуір. Kazakhstan Today - Қырғызстанда кеше болған тәртіпсіздіктердің салдарынан 65 адам қаза тауып, 495 адам зардап шеккен, деп хабарлайды Kazakhstan Today Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің статс хатшысы Лариса Качибековаға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, дәрігерлер түні бойы жұмыс істеп, кезегі оқиғалар кезінде зардап шеккендерді қабылдаған. "Жедел жәрдем көліктерінің жекелеген топтары оқиға орнында көмек көрсету үшін орталық Ала-Тоо алаңына жіберілген. Екі жедел жәрдем көлігі қаза тапқандардың мәйіттерін жинап, мәйітханаға жеткізді", - деді ол.

Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, адамдардың басым бөлігі жеңіл жарақаттанған. Ондай зардап шеккендер тіркеуге алынған жоқ, оларға тек оқиға орнында жедел медицналық жәрдем көрсетілген. Олардың басым бөлігі аса ашулы және көпшілігі мас күйінде болған.

Агенттік тілшісінің хабарлауынша, кеше 8-сәуірге қараған түні шабуылшылар Бішкектегі Үкімет үйін басып алған.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, түнгі сағат 1-ден кейін оппозиция өкілдері Ақ үй ғимаратына басып кірген. Үкімет үйінде ресми тұлғалардан ешкім байқалмаған. Шабуылшылар ғимаратты қиратқан, тонаушылық оқиғалары да белең алып, Ақ үйден компьютерлер мен кеңсе техникасын алып кеткен.

Бұдан бұрын да хабарланғандай, оппозицияның жақтастары ғимаратқа таман БТР алып келген, олар оны бұның алдында Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінен тартып алған. Дегенмен Үкімет үйіне жасалған шабуыл кезінде БТР қолданылған жоқ.

Бішкекте түні бойы тонаушылық белең алды. "Вефа", "Караван", "Бета-сторес" секілді ірі сауда орталықтары мен "Народный" және "7 дней" дүкендері қиратылып, тоналды. Сондай-ақ, Г. Айтиев атындағы бейнелеу өнері мұражайы тонаушылыққа ұшырады.

БҰҰ сайтының хабарлауынша, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қырғызстанда болған оқиғаларға қатты күйзелгенін мәлімдеді. Оппозиция жақтастары мен құқық қорғаушы күштер арасында қақтығыстар болған бұл елдегі қарсыласушы жақтарды БҰҰ бас хатшысы қантөгіске одан әрі жол бермеу үшін сабасына түсуге шақырды.

Хабарламада аталған қақтығыстардың адамдар өліміне алып келгені айтылған. Елде төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілді.

"Бас хатшы Қырғызстанда адамдардың қаза тапқаны және жараланғаны туралы хабарды аса күйзеле қарсы алды. Ол барлық жақтарды байсалдылыққа қайталап шақырды", - деді Бас хатшының мәлімдемесін оқып берген оның баспасөз хатшысы.

БҰҰ басшысы тайталасушы жақтардан одан әрі қантөгіс шығармау үшін диалогқа кірісуді және тыныштық сақтауды қадала талап етті. Ол өзінің Қырғызстандағы оқиғаның аңысын жіті қадағалайтынын мәлімдеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны