18.05.2007, 10:41 2539

Қырғызстанда "Жерұйалтын" кәсіпорны Талас облысы тұрғындарының наразылық шеруінен күн сайын 20 мың долларға дейін шығындануда

БІШКЕК. 18 - мамыр. Kazakhstan Today. Қырғызстанда "Жерұйалтын" ЖАҚ Талас облысы тұрғындарының наразылық шеруінен күн сайын 20 мың долларға дейін шығындануда. Бұл жайында кеше өткен баспасөз мәслихатында компанияның бұқарамен байланыс бөлімін басқаратын Гуля Рысқұлова мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Г. Рысқұлованың сөзіне сенсек, наразылық акциясына қатысушылар қандай да бір "түсінікті талаптарын" қоймаған. Оның түсіндіруі бойынша, адамдар қоршаған ортаның ластануына, онкологиялық аурулар санының өсуіне және малдың қырылуына алаңдаушылық білдірген және осының бәріне "Жерұйалтын" кәсіпорнын кінәлі деп санайды.

Г. Рыскулова компания алтын өндіруді әлі бастамағандықтан "экологияны бұзып үлгерген жоқ" деді. Оның ойынша, "бұл меншік үшін және жаңа бөліс үшін күрес" болып табылады. Сондай-ақ, Г. Рысқұлова компания шығындардың орнын толтыру жөнінде сотқа шағымдануға ниетті екенін айтты. Ол Қырғызстан үкіметі "жауапкерлердің қатарына кіруі бек мүмкін" екендігін де атап өткен.

Өз кезегінде "Жерұйалтын" басқарма директорының орынбасары Жолдошбек Аманбаев: "өндірісті іске қосу әртүрлі наразылық шерулеріне байланысты ылғи да кейінге шегерілуде", - деп хабарлады. Оның айтуы бойынша, жергілікті тұрғындардың шерулеріне байланысты компанияның қымбат бағалы техникасы уақытша қайта тиеу базасына жеткізілген, ал кәсіпорын аумағын акционерлік қоғамның қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері күзетуде.

Естеріңізге сала кетсек, Қырғызстанның Талас ауданының тұрғындары наразылық акциясын биылғы жылдың сәуірінде бастаған және кәсіпорынға республика премьер-министрі Алмазбек Атамбаев келіп қайтқаннан кейін тоқтатқан. Үкімет басшысы бір айдың ішінде барлық даулы мәселелерді шешуге уәде берген. Алайда, шерушілердің ойынша, үкімет басшысы уәдесін орындаған жоқ. Адамдардың наразылығы шеруді мамырдың 14-де қайта жалғастыруға түрткі болған. Жағдайды тыныштандыру үшін облысқа Қырғызстан Республикасының президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия жетекшісі Турсунбек Акун жүріп кетті. Келіссөздер нәтижесінде тұрғындар кәсіпорын аумағынан кетуге және үйлеріне тарауға келісті.

Жерұйалтын кеніші Қырғызстанның Талас облысында орналасқан. Алтын қоры шамамен алғанда 74 тоннаны құрайды. Бір тонна кендегі алтын көлемі, әртүрлі бағалаулар бойынша, 6 мен 8 грамм аралығында болжанған.

"Жерұйалтын" ЖАҚ - бұл құрылтайшысы австриялық "Глобал Голд Холдинг" компаниясы мен "Қырғызалтын" ААҚ болып табылатын біріккен кәсіпорын. Мамандардың болжамына сәйкес, Жерұй кеніші 12 жылдық жұмысы барысында республика бюджетіне шамамен 350 млн доллар кіріс кіргізуге мүмкіншілігі бар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны