24.05.2007, 16:57 2906

Қытайдағылар Ресей мен Қазақстан сарапшыларының Ертіс 2030 жылы тайызданады деген болжамдарын әсірелеу деп санайды

ПАВЛОДАР. 24 - мамыр. Kazakhstan Today. Қытайдағылар Ресей мен Қазақстан сарапшыларының Ертіс 2030 жылы тайызданады деген болжамдарын әсірелеу деп санайды.

"Мен Ертіске алдағы он жылда тайыздану қаупі төнбейді деп айта аламын",- деп мәлімдеді журналистерге Павлодар облысына аймақтың инвестициялық тартымдығын зерделеу үшін Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағының кәсіпкерлерінің тобын басқарып келген Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағының үкіметі төрағасының орынбасары Ху Вэй. "Біз аймақтың ірі су күретамырының экологиялық жүйесін бұзбау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз",- деп мәлім етті Ху Вэй.

Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағының үкімет басшысының орынбасары, автономиялық аймақта Қытай Халық Республикасының аумағынан бастау алатын трансшекаралық өзенді қорғау жөнінде бағдарлама бар екендігін хабарлады. "Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағында Ертіске жақын жерде өнеркәсіптік нысандар салуға тыйым салынған",- деп атап көрсетті ол. Оның айтуынша, қабылданып жатқан шаралардың арқасында "тіптен жұмыс істеп жатқан зауыттардың өзін өзеннен алыс жерлерге көшіріп жатыр". "Сонымен қатар, егер аймақтағы ахуалды нашарлататын болса, онда біз өзен жағалауын бойлай жаңа кеніштерді игеруге де тыйым саламыз",- деп атап көрсетті Ху Вэй.

"Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағының үкіметі өзен ахуалын ғылыми тұрғыдан зерттеуге және сәйкес профилактикалық іс-шаралар жүргізуге қомақты қаржы бөледі",- деп қосты ол. Сөйте тұра, Ертісті қорғау жөніндегі экологиялық бағдарламаларды шешу үшін бөлініп отырған қаржы көлемі туралы аймақ үкімет басшысының орынбасары атай алмады.

Естеріңізге сала кетейік, бұрындары "Ұлы Ертіс - Великий Иртыш" су пайдалану қауымдастығы зерттеу жүргізіп, аймақтың ірі күретамырдағы су деңгейі соңғы жылдары күрт төмендеп кеткендігін хабарлаған болатын. Судың сапасы да ғалымдардың алаңдаушылығын тудырып отыр.

Ертіс - Қытай Халық Республикасы, Қазақстан және Ресей аумағы арқылы өтетін, трансшекаралық өзен. Оның жалпы ұзындығы 4800 шақырымға тең.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны