26.04.2017, 15:56 4228

Қызылорда еріктілері "Қайырымдылық жүректен жүрекке жетеді" атты концерт ұйымдастырды

Қызылорда еріктілері мүгедек жандарға көлік тасымалын ұйымдастыру үшін қаржы жинауға кірісті. Осы мақсатта олар "Қайырымдылық жүректен жүрекке жетеді" атты концерт ұйымдастырып, онда өздері де өнер көрсетті.

Қызылорда. 26 сәуір. Kazakhstan Today - Қызылорда еріктілері мүгедек жандарға көлік тасымалын ұйымдастыру үшін қаржы жинауға кірісті. Осы мақсатта олар "Қайырымдылық жүректен жүрекке жетеді" атты концерт ұйымдастырып, онда өздері де өнер көрсетті.

"Қызылорда еріктілері" қауымдастығыныӊ жетекшісі Ольга Чебакованыӊ айтуынша өзгеге көмек көрсетуге ниетті жандар қатары күннен-күнге артып келеді.

- Бізде қазір тұтас бір ұжым қалыптасты, - дейді ол. - Өзгеніӊ басындағы қиындыққа енжар қарамайтындардыӊ көптігі қуантады. Осы мақсатта ұйымдастырылған шараныӊ басты мақсаты бимен айналысатын мүгедектер үшін көлік тасымалына қаржы жинау. Олар біздіӊ театр үйірмесініӊ қойылымдарына қатысады. Дайындық кезінде олардыӊ қиындық тартып жүргенін көрген соӊ осындай қадамға бардық. Қызылордада инватакси бар. Бірақ ол мүмкіндігі шектеулі жанныӊ бәрін қамти алмайды.

Еріктілер мен мүгедек арбасына таӊылған жандардан жасақталған би үйірмесі қазір қаладағы танымал өнер ұжымдарыныӊ қатарынан саналады. Олар жастар ресурсы орталығы өткізген түрлі шараларға қатысады. Көрермен ықыласына қанаттанған еріктілер жуырда тағы бір бастама көтеріп, инклюзивті театрдыӊ тұсаукесер қойылымын қойды. Көрермендер назарына Н.Гогольдіӊ "Ревизорынан" үзінді ұсынылды. Қоюшы-режиссері - Талғат Телеубаев.

- Шараға қатысуға біз нашар көретін, әлсіз еститін балаларға арналған мектеп оқушыларын шақырдық, - дейді Т.Телеубаев. - Түрлі конкурстардыӊ лауреаты атанған бұл балалар екі нөмірден қойды. Алда да біздіӊ қатарымызда өнер көрсетуге ниетті жандар аз емес. Біз осы концерт арқылы қоғам назарын мүгедектер мәселесіне аударғымыз келеді.

Еріктілер концерт қоятын залдан қиындық көріп жүргенін айтады. Бұл жолы оларға Қорқыт ата атындағы ҚМУ басшылығы Студенттер сарайын тегін беріпті.

Концерт бұлар күткендегіден де жақсы өтті. Шабыттана ойнаған балалардан көрермендер де ықыласын аяған жоқ. Сал ауруына шалдыққан Нұрай Ибубәкірова билеген үнді биі өнерді шын сүйген жанға ештеӊе де кедергі болмайтынын көрсетті.

- Нұрай би үшін жаралған жан, - дейді О.Чебакова. - Оныӊ талабына тәнті болған еріктілер арнайы костюм тігіп берді. Осы концерт оныӊ өзіне, ертеӊге деген сенімін ұштай түсті деп білемін.

Концертте "Қызылорда еріктілері" атынан шараны ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін мемлекеттік құрылым жетекшілері мен ҮЕҰ өкілдеріне алғыс білдірілді.

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны