04.08.2006, 08:52 2700

Қоғамдық ұйым өкілдері Елбасына Березовка елдімекенінің тұрғындарын көшіруді өтініп үндеу жолдады

Орал. 4-тамыз . Kazakhstan Today. Қоғамдық ұйым өкілдері Батыс Қазақстан облысы Қарашығанақ кенішінде орналасқан Березовка ауылының тұрғындарын көшіру туралы өтініш жасады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Президентке жолданған үндеуде "Біз сізге Қазақстан азаматтарының құқығы мен бостандығының кепілі ретінде, Березовка ауылының тұрғындарына қатысты мәселені шешіп, заң бұзушылықтарды жоюыңызды өтінеміз",- делінген. Оған жергілікті тұрғындар мен құқық қорғау жөніндегі ұйым өкілдері қол қойған.

Үндеуде атап көрсетілгендей, "1990-жылдың соңынан бастап, кеніштің белсенді түрде игерілуі салдарынан ауылдағы экологиялық жағдай күрт нашарлап, жергілікті тұрғындардың денсаулығына әсер етуде. Ауруға шалдыққан балалар саны да өскен. Қоршаған ортаның ластануы Березовка ауылы тұрғындарының үй шаруашылығына кесірін тигізуде", деп көрсетілген.

Осыған дейін айтылғандай, 1994 жылы елдімекен санитарлық қорғау аймағына жатқызылып, тұрғындар көшірілуі тиіс болатын. Ол кезде денсаулық сақтау министрлігінің жасаған қортындысы бойынша, бес мың шаршы метр жер санитарлық аймақ деп танылған, Березовка ауылы осы қауіпті аймаққа жатады. Алайда, 2003- жылы бас санитарлық дәрігердің шешімімен бұл көлем үш мың метрге қысқартылған. Соның салдарынан 1,4 мың тұрғын денсаулыққа зиянды аймақта қалып, қауіпсіз жерге көшірілу құқығынан айырылды. 2006-жылы денсаулық сақтау министрлігі Қарашығанақ кенішіндегі ауа қалпын зерттеу мақсатында және санитарлық қауіпті аймақтар көлемін қайта өлшеу үшін комиссия құрды.

Алайда, қоғамдық ұйым өкілдері комиссия қызметінің шынайылығына күмәнмен қарайды. "ҚР денсаулық сақтау министрлігі қауіпті аймақтың көлемін өлшеу арқылы ҚР санитарлық қауіпті аймақ көлемін анықтау туралы нормативтері мен заңдарын белден басады. Оған қоса, мұндай өлшеулер құқықтық негізсіз боп саналады", дейді шағымданушылар.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны