15.02.2010, 14:06 2991

Көкшетауда коммуналдық тарифтердің көтерілуіне қарсы наразылық митингісі болып өтті

Көкшетауда коммуналдық тарифтердің көтерілуіне қарсы наразылық митингісі болып өтті

Көкшетау. 15 ақпан. Kazakhstan Today - Көкшетауда 13 ақпан, сенбі күні коммуналдық тарифтердің көтерілуіне қарсы шағын және орта бизнес өкілдері ұйымдастырған рұқсат етілген наразылық митингісіне 500-ге жуық қала тұрғыны түрлі ұрандары бар плакаттар ұстап шықты, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Жергілікті билік рұқсат етілген іс-шараны өткізуге сағат 13 пен 14 аралығында қаланың ең бір шеткері ауданындағы Төңкеріс күрескерлерінің саябағында бір сағат бөлді. Регламент пен барлық кіреберістерді полиция қатаң бақылауға алды. Дәл осы кезде жолдың ортасынан шұңқыр қазыла бастауға байланысты адамдарға шара өтетін жерге терең қарға омбыға жүріп әрең жетуге тура келді. Кәсіпкер Анна Каунашаускененің айтуынша, 300 адам қол қойған митинг өткізу туралы өтініш ақпанның басында тапсырылғанымен, қалалық әкімдік тек 13 ақпанға ғана рұқсат берген.

"Біз қала әкімінен жергілікті БАҚ-тар арқылы мемлекеттік "РК-2" коммуналдық кәсіпорнының тонаушылық саясаты мен "ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақмола облыстық департаменті" МБ -ның халыққа қарсы бағытталған іс-әрекеттеріне қарсы бейбіт наразылық науқанын өткізуге рұқсат беруін сұрадық. Олар жылу тарифін 237%, суды - 500%-ға, электр қуатының тарифтерін 10 есе көтеруге шешім шығарған. Бұл бізді, сөзсіз, тауарлар мен қызметтер құнын айтарлықтай көтеруге мәжбүрлейді", - деді кәсіпкер.

"Билік бізден қорқады және бізбен диалогқа шыққысы келмейді, олардың бейбіт митингіні өткізуге қаланың ең шеткері ауданын бөлуінің себебін осыдан ғана көруге болады", - деді кәсіпкер Виталий Карнашаускас.

Сөз алған бизнес өкілдерінің айтуынша, "митинг өткізу жөнінде бастама көтерген бизнесмендердің кәсіпорындарында салық органдарының тексерулері басталды, ал жуырда мемлекеттік мекемелер мен басқа да ұйымдарға келген адамдар оларға митингіге шығуға тыйым салған".

Митинг өткізіліп жатқан жерге қалалық су арнасы мекемесінің вице-президенті Галина Бокатая рупормен келуге тырысты. Бірақ кәсіпкерлер оның рупорын тартып алып, трибунадан итеріп түсірді. Жылумен қамтамасыз етуші ұйымның өкілдері алға тартқан сөздерге де олар құлақ аспады. Іс-шараға қатысушылардың айтуынша, атқарушы билік органдарынан ешкімді олар көрмеген.

Митинг соңында қалалық мәслихат депутаты Марат Жанұзақов қала тұрғындарының жергілікті атқарушы билікке арнаған мәлімдемесін оқып берді. Онда атап көрсетілгендей, "Көкшетаудағы тарифтер республика бойынша ұдайы жоғары болып келген, ал қазір олар өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға тура тежеушіге айналды. Шағын және орта кәсіпкерлікті банкроттыққа душар етуде, ал бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың одан бетер өсуіне алып келмек". "Біз титыққа тіреген тарифтерді алып тастауды талап етеміз", - делінген резолюцияда. Митингіге шыққандар сонымен қатар "мәслихаттың бұқаралық бейбіт іс-шараны қала сыртында өткізуге шешім шығарған халыққа қарсы шешімін алып тастауды" талап етті, олардың пайымдауынша, "мұндай шаралар тек қаланың орталығында ғана өткізілуге тиіс". Мәлімдеменің бір бөлімінде "қала әкімдерін тек қала халқы ғана сайлау институтын енгізу" талап етілген.

Көкшетаулық кәсіпкерлерді қала тұрғындары да, тіркелмеген "Алға" партиясының Ақмола филиалының, Қазақстан Компартиясының өкілдері де қолдады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны