12.07.2006, 16:24 3092

Конституциялық кеңес омбудсменнің өкілеттілігін арттыру мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулердің Конституцияға сәйкестігін қарауға кірісті

АСТАНА. 12-шілде. Kazakhstan Today. Конституциялық кеңес парламентте қабылданған “Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің іс-қызметін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар енгізу туралы” заңның Конституцияға сәйкестігін қарауға кірісті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқық қорғау мүмкіндіктерінің аясын кеңейтуге бағытталған. Атап айтсақ, заң жобасы арқылы омбудсменннің құзыреті аясына адамның құқығы мен бостандығы бұзылған жағдайда оны қорғау мақсатында сот мәжілісіне қатысу құқығымен, сондай-ақ, заңды күшіне енген шешім, үкім, анықтама немесе сот қаулысын тексеру туралы өтінішпен сотқа және прокуратураға жүгіну құқығымен толықтыру ұсынылған.
Бүгін өткен отырыс барысында Конституциялық кеңес үкімет, бас прокуратура, жоғарғы сот өкілдері мен адам құқықтары жөніндегі уәкілдің пікір-көзқарасын тыңдады.

Мәселен, адам құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамовтың пікірінше, бұл заң ел Конституциясына да, халықаралық тәртіптерге де сай келеді. Оның айтуынша, Еуропа елдеріндегі омбудсмендер сот мәжілістерене қатыса алады. Ал Қазақстанда қазір адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ондай мүмкіндігі жоқ. Б.Байқадамовтың айтуынша, егер бұл заңға президент қол қоятын болса, онда адам құқықтары жөніндегі уәкіл “бірегей сипаттағы” сот мәжілістеріне қатыса алады. Омбудсменнің пікірінше, мұндай жағдай азаматтардың тек адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтына ғана емес, сонымен бірге, еліміздің сот жүйесіне деген сенімін арттыра түспек.

Үкімет өкілі – республика әділет министрінің орынбасары Серік Нұғмановтың айтуынша, заң жобасы “адам мен азаматтың құқығы мен бостандығына ел президенті тарапынан кепілдік беру жөніндегі конституциялық норманы жүзеге асыру үшін жасалып қабылданды. Ал аталмыш норма президент тарапынан адам құқықтарын қорғайтын институттар мен шарттарды қамтамасыз етуді талап етеді”. “Осыған сәйкес Қылмыстық-процессуалдық және Азаматтық-процессуалдық кодекстерге енгізілетін түзетулер Ата заңға сәйкес келеді”,- деп мәлімдеді ол.

Ал Жоғарғы соттың пікірінше, керісінше, заң “Ата заңның 83-ші бабымен толық қабыспайды”. ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Мусабек Илімбековтың түсініктемесіне сәйкес, Жоғарғы соттың пікірінше, омбудсменге сот актілерін қайта қарау жөніндегі өтінішпен шығу құқығын беретін норма Конституцияға сай келмейді. “Біздіңше, мұндай көзқарас заңнамаға, соның ішінде Ата заңға біраз қайшылау келеді. Ата заңның 83-ші бабында мұндай құзырет қадағалаушы органның өкілеттілігіне жатады”,- деді М.Илімбеков.

Конституциялық кеңестің отырысында сөз сөйлеген бас прокурордың орынбасары Асхат Дауылбаевтың пікірінше , бас прокуратура “омбудсмен институтын нығайту мен оның аясын кеңейтуді қолдайды”. Дейтұрғанмен, бұл заңды Бас прокуратура еліміздің Ата заңына қайшы деп санайды.

Барлық пікірді тыңдап шыққан Конституциялық кеңес ақылдасу бөлмесіне кетті. Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Роговтың айтуынша, кеңестің шешімі таяу күндерде жария етіледі.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны