17.05.2006, 17:33 3121

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің алдын-ала мәліметі бойынша Каспийде бекіре тұқымдас балықтар мен итбалықтардың жаппай қырылуына барлау мақсатында ұңғыларды бұрғылау себеп болған

АЛМАТЫ. 17-мамыр. Kazakhstan Today. Алдын-ала тексеру қорытындысы бойынша Каспийдің елімізге қарасты бөлігінде Маңғыстау облысында бекіре тұқымдас балықтар мен итбалықтардың жаппай қырылуына "қандайбір оба немесе басқа да ауру емес, барлау мақсатында ұңғыларды бұрғылау себеп болған". Бұл туралы ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов журналистерге арналған брифингте құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Н.Ысқақовтың айтуынша, қазір министрлік сараптама қорытындысын күтіп отыр. "Қоршаған ортаны қорғау министрі мен ауылшаруашылығы министрінің арнаулы бұйрығымен онда ғалымдар тобынан арнайы топ құрылып жұмыс істеуде. Қазір осы оқиға болған теңіз акваториясына Ресейлік ғалымлар мен кеме бет алды. Меніңше, алғашқы зерттеу қорытындылары таяу уаықттарда белгілі болады",- деді министр.

"Дәл бүгін кінәлі қандай фирма дегенді нақты атау ерте. Зерттеулер қорытындысы бойынша біз айыппұл салуға тиіс екенімізді өздеріңіз білесіздер",- деді ол.

"Қалай дегенмен қазір ең бастысы - Каспий теңізіндегі экологиялық талаптарды күшейту қажет болып отыр. Біздің министрлік теңізге бір тамшы су, бір тамшы бұрғылау қоспалары төгілуге тиіс емес деген принциптік ұстанымға бағынады. "Мұнай туралы" заң да бар. Оның 36-бабында теңіздің түбіне қандай да қалдық тастауға немесе қалдық сулар төгуге тыйым салынады деп атап көрсетілген",- деді ол.

2005-жылы республиканың қоршаған ортаны қорғау министрлігі ірі мұнай компанияларына 10 млрд. теңгенің айыппұлын салды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР ҰҚК шекара қызметінің "Батыс" аймақтық басқармасының қызметкерлері тікұшақпен жүргізілген тексеру нәтижесінде жағалауға ағып шыққан бекіре тұқымдас балықтар мен итбалықтардың өлімтіктерін алғаш рет 29-сәуірде тауып алған.

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі және экологиялық қызметтердің мамандары Қаламқас кеніші маңынан 1068 бекіре тұқымдас балық пен 98 итбалықтың өлімтігін тауып алып көзін жойды.

Маңғыстау облыстық балық инспекциясының прокуратураға тапсырған анықтамасына сәйкес, бұл дерек бойынша Ақтау табиғат қорғау прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің жан-жануарлар мен жәндіктер дүниесін қорғау тәртіптерін бұзу жөніндегі 289-шы бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Сондай-ақ, табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық ішкі істер департаментінің су полициясы бөлімшесінің қызметкерлерінен Ақтау табиғат қорғау прокуратурасының басқаруымен тергеу тобы жасақталды. Сонымен бірге сот-ихтиологиялық және сот-химиялық сараптамалар тағайындалды.

Алдын-ала есеп бойынша, Каспий теңізінің жағалауында итбалықтар мен балықтардың қырылуынан келген шығын көлемі 38 млн. 473 мың теңгені құрады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны