16.04.2007, 12:10 1707

Қостанайда бір тәртіп сақшысы қарсыласын қызғаныштан өлтіріп, артынан өз-өзіне қол жұмсады

ҚОСТАНАЙ. 16-сәуір. Kazakhstan Today. Қостанайда бір тәртіп сақшысы қарсыласын қызғаныштан өлтіріп, артынан өз-өзіне қол жұмсады. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 14-сәуірде 12 сағат 20 минутта Қостанай облыстық ІІД-нің шұғыл басқару орталығына атыс туралы хабар келіп түскен. Хабарламада құрбан болғандар туралы айтылған. "Оқиға орнына Қостанай облыстық ІІД-нің жедел тергеу тобы келді. Бұл топ оқиғаның екі ер адамның арасындағы жаңжалдан өрбігенін анықтады. Соның салдарынан бір еркек екіншісін атып жіберген". "Жәбірленуші жарақат салдарынан есін жимастан қаза тапты", деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Патрульге шыққан полицейлер жасағы ізін жасыруға әрекет жасаған атыс себепкерін ұстауға шара қолданды. "Полицияның қуғынынан құтыла алмасын білген ол өзінің басынан атып жіберді. Жарақат салдарынан ол оқиға орнында жан тапсырды", деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, қаза тапқандарды тану барысында Оңтүстік ішкі істер басқармасының қалалық полиция бөлімшесінде кезекшінің көмекшісі болып істейтін полиция қызметкерінің Макаров тапаншасынан атқаны белгілі болды. "Қаза тапқан екінші адам жергілікті бір ЖШС-де атқарушы директор болып істеген", деп хабарлайды баспасөз қызметі.

"Тексеру барысында белгілі болған деректер оқиғаға отбасындағы қызғаныш салдарынан шыққан тұрмыстық жаңжалдың себеп болғанын дәлелдеді",- дейді Қостанай облыстық ІІД төрағасының орынбасары Марат Болысбеков. Оның айтуынша, тәртіп сақшысының әйелі одан ажырасып, кәсіпкерге бармақ болған. Қайғылы оқиға болатын күні кезекшіліктен келген тәртіп сақшысы үйінің жанында жұбайын күтіп тұрған қарсыласымен арадағы мәселенің басын ашпақ болады. "Оқиға куәгерлерінің айтуынша, әлгі еркек тәртіп сақшысының намысына тие балағаттап, қоқан-лоққы жасаған. Ашуланған тәртіп сақшысы соның салдарынан табельдік қаруынан оны атып жіберген",- деді М.Болысбеков.

Қазір Қостанай облыстық ІІД-нің ішкі қауіпсіздік басқармасы кезекшілік жұмысын өткеріп берген тәртіп сақшысының қолында табельдік қаруының болу себебін анықтау үстінде. "Сот-медициналық және басқа да сараптамалар тағайындалды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің "кісі өлтіру" жөніндегі 96-ша бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны