10.07.2007, 17:53 3341

ҚР Туризм және спорт министрлігі Маңғыстау облысында ойын бизнесін жүргізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады

АСТАНА. 10-шілде. Kazakhstan Today. ҚР Туризм және спорт министрлігі Маңғыстау облысында "Ақтау сити" аумағында ойын бизнесін жүргізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Бүгін өткен үкіметтің отырысында туризм және спорт министрі Темірхан Досмұханбетов осындай ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Осы орайда инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында "Ақтау сити" аумағында ойын бизнесін жүргізу мүмкіндігін қарастыру жөніндегі инвесторлардың өтінішін үкімет басшысына жеткізе кеткім келеді. Бұл көп функциялы әмбебап туристік кластер құруға және ұлттық туристік өнімдердің бәсекелік қабілетін көтеруге, ішкі және сыртқы туристік ағында арттыруға септігін тигізеді",- деді Т. Досмұхамбетов.

Ол Маңғыстау облысында туристік кластер құрып дамыту мәселесі дәйектеліп, министрлікпен бірлесе отырып "Ақтау сити" аумағында жағалауда туризмді дамытудың мастар-жоспары жасалып жатқанын" еске сала кетті.

Министрдің айтуынша, "Ақтау-Сити" - "таза коммерциялық жоба, оған мемлекет бір тиын да жұмсап отырған жоқ". "Ондағы жеке инвестиция көлемі қазір жоспарлап отырғандай 30 млрд АҚШ доллары емес, бұдан да ауқымды болмақ", - деді министр. Оның ақпаратына сүйенсек, жобаны жүзеге асырудың тек бірінші кезеңінде инвесторлар 7 - 8 жылда 15 - 16 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсауды жоспарлауда.

Т. Досмұхамбетовтың нақтылауынша, жоба инвесторларының қатарында Сауд Арабиясы, Катар, Біріккен Араб Имірліктері, Кувейт, Еуропалық және Азиялық қайта құру және даму банктерінің, сондай-ақ, "екі-үш АҚШ фирмаларының" өкілдері бар. "Инвесторлар қазірдің өзінде жерді сатып алып, жоба жасау жұмыстарына 100 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсап үлгерді, 15 қыркүйекте іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталады", - деді ол.

Министрдің пікірінше, инвесторлар үшін болашақ "Ақтау-Ситидің" географиялық орналасуы тартымды болмақ. "Туризмді дамытудың бірегей мүмкіндіктері, Каспий арқылы Қазақстан, Ресей, Иран, Түрікменстан және Изербайжанның қатысуымен халықаралық теңіздегі круиз ұйымдастыру мүмкіндігі бар", - деді Т. Досмұхамбетов. "Инвесторлар тек өз ақшаларын ақтап қана қоймай, үлкен пайда табатындығына сенімді", деді министр.

Ол сонымен бірге қазір ҚХР, Гонконг пен Кореяның потенциалдық инвесторларымен Қапшағай су қоймасының жағалауында "Жаңа Іле" туристік орталығын дамытуға атсалысу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді. "Ойын бизнесі туралы" жаңа заңға сәйкес бұл жерге еліміздегі ойын бизнесінің бір бөлігі орын тебетіні белгілі. "Жалпы алғанда туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның табысты жүзеге асырылуы ішкі туризм бойынша туристер ағынын тұрақты өсіріп, туристер санының 2006-жылғы 3,2 млн адамнан 2009-жылы 4 млн адамға дейін, ал елге келетін туризм бойынша тиісінше 4,7 млн адамнан 6 млн адамға жеткізуге мүмкіндік тумақ", -деді Т. Досмұхамбетов.

Өз кезегінде еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев туризм және спорт министрінен Отырарда этноэкологиялық мәдени-туристік орталық құру мүмкіндігін қарастыруды сұрады. "Туристік инфрақұрылымның негізін қалауда туризмді дамытуға тарихи-мәдени мұра тұрғысынан аса назар аудара қарауды сұраймын. Өйткені, Грециядағы Парфенон жыл сайын өз еліне 70 млрд доллар әкеледі, бұл елге мұнай қажет емес.Тіпті мына тұрған Самаркандтың өзі Өзбекстанға кейінгі жылдары туризмнен 3 - 4 млрд долар көлемінде пайда әкелуде", - деді Е.Ертісбаев. "Отырарды қайта жаңғыртуға, онда қуатты этноэкологиялық мәдени-туристік орталық құруға, айталық, тіпті 25 ғасырлық мемлекеттілігіміздің тамыры жатқан Берел қорғаны маңында саябақ құруға назар аударсаңыздар деймін, бұл аса қызғылықты әрі келешегі бар бағыт болар еді", - деді министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны