27.12.2006, 16:03 3065

Мәжіліс депутаттары көлік және коммуникация министрінің елімізде көлік стратегиясының жүзеге асырылуына қатысты есеп беруін талап етуде

АСТАНА. 27-желтоқсан. Kazakhstan Today. Мәжіліс депутаттары көлік және коммуникация министрінің елімізде көлік стратегиясының жүзеге асырылуына қатысты есеп беруін талап етуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Үкімет тарапынан ел ішіндегі әуе қатынастарын дамыту мен облыс орталықтары арасында әуе қатынасын орнату бағытында жасап жатқан қадамдары мен шаралары турасында депутаттарға ақпарат беруі үшін көлік және коммуникациялар министрін мәжіліске жолдауды сұраймыз",- деп мәлімдеді бүгін мәжіліс депутаты Вера Сухорукова жалпы отырыста үкімет басшысына жолдаған сауалнамасын таныстыра отырып.

Оның айтуынша, "Қазақстан Республикасының 2015-жылға дейінгі көлік стратегиясын жүзеге асыру шараларының үкімет бекіткен жоспары ел ішіндегі әуе қатынастарын дамыту тауқыметін шешпейді. Ал стратегияда облыс орталықтары арасындағы әуе қатынасын дамыту жайында айтылған". "Мұнымен шектелмей, аталмыш жоспарда әуе транспорты саласындағы көлік қызметі нарығын дамыту шаралары мүлдем қарастырылмаған",- деді В.Сухорукова.

"Біздің пікірімізше, мұндай ахуалдың қалыптасуына мемлекет басшысының аймақтық рейстерге қазмет көрсететін әуе компаниясын құру туралы тапсырмасын орындамау себеп. Үкімет ағымдағы жылдың 24-қаңтарында өткен отырысында осы мәселе бойынша үлкен өкініш білдірумен ғана шектелген. Онда Ресеймен шекаралас облыс орталықтарымен арадағы жолаушылар ағынын ресейлік әуе компаниялары ғана атқаратындығы алға тартылды. Осы тәжірибе бір жылға созылды",- деді депутат.

В.Сухорукова сонымен бірге "Эйр Астана" әуе компаниясының жұмысына сын айтты. "Бұл компания үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелері күні бүгінге дейін жай тілек күйінде қалып келеді", деді ол.

"Ел ішіндегі және одан тысқары бағыттағы рейстерге билет сатып алу тұрғындар үшін қиямет-қайымға айналды. Күту парақтарына тіркелген адамдардың саны кейде жүздеген адамға жетеді. Ұлттық әуе тасымалдаушысының қызмет көрсету сапасының төмендігін қазір екінің бірі жыр ғып айтады",- деді В.Сухорукова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны