27.09.2006, 17:33 3155

Мәжіліс депутаттары оқытушылар мен ұлттық компаниялардың топ-менеджерлерінің жалақысының арасындағы айырмашылыққа ашу білдірді

АСТАНА. 27-қыркүйек. Kazakhstan Today. Бүгін өткен жылпы отырыс барысында мәжіліс депутаттары оқытушылар мен ұлттық компаниялардың топ-менеджерлерінің жалақысының арасындағы айырмашылыққа ашу білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Осы орайда естеріңізге сала кетсек, 20-қыркүйекте өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекет басшысы ұлттық компаниялар, даму институттары мен мемлекеттің қатысуымен құрылған акционерлік қоғамдардың жетекшілерінің жалақсының көлемін шектен шыққан деп мәлімдеген болатын. Мәселен, Н.Назарбаевтың айтуынша, "Қазақтелеком" АҚ-ның президенті Қайрат Кәрібжанов ай сайын 365 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы алып келген.

Мәжіліс спикері Орал Мұхамеджанов палатаның жалпы отырысында бұл мәселенің моральдық-этикалық жағына назар аударуға шақырды. "Бұл тұрғыда бәрі расында заңды жасалған деп ойлаймын... Директорлар кеңесінің шешімі бар. Бірақ еліміздегі қазіргі жағдайда осындай жалақы белгілеу туралы шешімді қалай шығаруға болады? Бұл - таза моральдық-этикалық мәселе. Мұғалімдер мен дәрігерлер 10 -20 мың теңгені місе тұтуға мәжбүр кезде мұндай жалақы белгілеу тіптен зығырданды қайнатады",- деді ол.

Депутат Мұхтар Тінікеев осыған байланысты кеншілер мен металлургтардың кірісінің мардымсыздығына тоқталды. "Біз кеншілер мен металлургтардың зейнетақысын көтере алмай жүрсек, ат төбеліндей ғана мемлекеттік қызметкерлер мемлекет қаржысының есебінен майға бөгіп барады!",- деді мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ, ол мемлекеттік компаниялардың жетекшілерінің мемлекет басшысынан жоғары жалақы алатындығын түсіне алмайды. "ТМД аясындағы ең жоғары жалақы алатын президент - Ющенко. Ол 6,5 мың долар көлемінде жалақы алады. Ресей президенті В.Путиннің жалақысы 5 мың долларға тең. Еліміздің президенті де осы көлемде жалақы алады. Сонда мемлекеттік компанияларда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер ел президентінен не себепті жүздеген есе артық еңбекақы алуға тиіс?",- деген сауал тастады депутат.

Депутат Серік Ибдірахманов ұлттық компаниялардың топ-менеджерлеріне осыншама жоғары жалақы белгілеуді "паранойя" деп атады. Бірақ депутат қазіргі жағдайда ештеңені өзгерту мүмкін емес деп санайды. "Ұлттық компанияларға біздің шамамыз жетпейді. Біздің қолымыздан келетіні - олардың істеп жүрген тірліктерін жариялы болдыру ғана",- деді ол.

Дегенмен, бүгін өткен жалпы отырыста депутаттар мәжілістің экономикалық реформалар және аймақтық даму жөніндегі комитетіне үкіметтің мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі жұмысын тексеруге тапсырма берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны