05.06.2008, 18:31 2860

Мәжіліс депутаттары республика үкімет басшысына сауал жолдап, Батыс Қазақстан облысының не себепті сейсмикалық қауіпті аймаққа жатқызылмай отырғанын сұрады

Мәжіліс депутаттары республика үкімет басшысына сауал жолдап, Батыс Қазақстан облысының не себепті сейсмикалық қауіпті аймаққа жатқызылмай отырғанын сұрады

Астана. 5 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс депутаттары ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдап, Батыс Қазақстан облысының не себепті сейсмикалық қауіпті аймаққа жатқызылмай отырғанын сұрады, деп хабарлайды агенттік тілшісі мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ол сауалда сейсмикалық қауіптен туындаған Жайық бойындағы тұрғындардың барлық өзекті мәселелері көрініс тапқан.

Депутаттар жер сілкінісінен кейін қалыпқа келтіру үшін құрылыс жұмыстары неліктен кешеуілдеп жүргізіліп жатқанын сұраған. Ал үкімет әлі күнге дейін зардап шеккен ауданға мақсатты түрде көмек көрсетпей отыр. Сонымен бірге депутаттар осы кезге дейін үш рет жер сілкінісі болса да, Батыс Қазақстан облысы не себепті сейсмикалық қауіпті аймаққа жатқызылмай отырғанын және бұл өңірдегі сейсмикалық бақылау стансасының неліктен жойылып кеткендігін білгісі келеді. Сол секілді парламентшілер "жер астынан көгілдір отынды өндіріп жатқан Қарашығанақта қызмет етіп жүрген шетелдіктерді де бұл мәселе алаңдатпай ма?" деген сұрақтар қойған.

"Барлық сұрақтарымызға берілетін жауаптан болуы ықтимал табиғи және техногендік апаттарға дайын болуға жол табылады деп сенемін. Мұндай оқиғаларда экономикалық аз шығын болуына қол жеткізуіміз керек", - дейді Батыс Қазақстан облысынан сайланған мәжіліс депутаты Виктор Киянский.

Мәжілістің барлық депутаттары бір күндік жалақысын Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданындағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге аударды. Осылайша парламент депутаттары сенаторлар Қабдығали Ахметов пен Рашид Ахметов және Мәжіліс депутаттары Қабиболла Жақыпов, Аманжан Жамалов, Виктор Киянскийдің ұсыныстарына қолдау білдіргенін айта кеткен жөн.

Есімдері аталған депутаттар жер сілкінісі орын алған бойда еліміздің батыс өңіріне барып, зардап шеккен ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесіп, олардың барлық мұң-мұқтаждықтарын тыңдады. Ауыл тұрғындары жергілікті билік өкілдерінің апатты жағдай кезінде тез қимылдап, шаралар қолданып, үйлері қирап қалған адамдарды палаткалармен қамтамасыз еткенін мәлімдеді.

Айта кету керек, қуаты 7 балл жер сілкінісі сәуірдің 26-сы күні болды. Оның күшті толқуы Рыбцех және Шалқар ауылдарына жақын жерде болды. Аталған ауылдарда тұрғын үйлер қирап қалған. 70 үй біршама зардап шеккен, 50 үй тұруға жарамсыз болса, 11 үй жермен жексен болған. Мектеп ғимараты да қатты залал шеккен.Соған байланысты оқушылар уақытша ғимаратта білімдерін жалғастыруға мәжбүр болды.

Зардап шеккендер қорына көмек қолын созып, барлық гранттарын берген кіші Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына кіретін Батыс Қазақстан облыстық ұлттық-мәдени орталығына тұрғындар алғыстарын білдірді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны