06.08.2008, 18:33 3518

Мемлекет бұдан былай шетелден көшіп келген қазақтарға баспана бермейді - Шүкеев

Мемлекет бұдан былай шетелден көшіп келген қазақтарға баспана бермейді - Шүкеев

Астана. 6 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет бұдан былай шетелден көшіп келген қазақтарға баспана бермейді. Бұл туралы бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Ибденовтың баяндамасын тыңдаған Қазақстан вице-премьері Өмірзақ Шүкеев айтты, деп хабарлайды агенттік тілшісі. Еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі тұрғындарды республика бойынша тиімді орналастыру жүйесін қарастыратын "Нұрлыкөш" бағдарламасының жобасы бойынша баяндама жасады.

Бұл жоба қазір жасалып жатқан көші-қонды басқару жүйесін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның құрамды бөлігі болып табылады. "Жобаның мақсаты - шетелдерде тұратын отандас қазақтарды және келешегі жоқ өңірлерде тұрып жатқан Қазақстан азаматтарын демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүддесіне сай ерікті негізде тиімді таратып қоныстандыруға саяды", -деді С. Ибденов.

"Қоныстандыру жетекші қалалардың төңірегінде өзіндік экономикалық мамандандырылған бағыты мен дамыған еңбек нарығы бар шағын серіктес қалаларды дамыту арқылы жүзеге асырылады", -деді министрлік өкілі. Оның айтуынша, жобаға қатысушыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Қазақстан вице-премьері Өмірзақ Шүкеев "мемлекет бұдан былай шетелден көшіп келген қазақтарға үй бермейтінін" тағы бір шегеледі. "Баспана сатып алу деген енді болмайды, біз несие беретін боламыз", - деді ол.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бағдарламаны қаржыландыру мәселелерін қысқа мерзімде шешуді тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны