31.03.2009, 13:24 3076

Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының грантын алу байқауына еліміздің 12 өңірінен және жақын шетелден 100-ге жуық жоба келіп түсті

Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының грантын алу байқауына еліміздің 12 өңірінен және жақын шетелден 100-ге жуық жоба келіп түсті

Астана. 31 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының грантына үміткер ретінде үкіметтік емес ұйымдар мен жеке адамдардан осы күнге дейін 100-ге жуық жоба келіп түскен, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі президенттік қорының баспасөз-қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, грант алу байқауына келіп түскен жобалар тек Қазақстанмен ғана шектелмейді. Атап айтсақ, Ресей астанасындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Қазақ тілі және мәдениеті орталығы мен Мәскеу қалалық "Қазақ тілі" қоғамы да өз жобаларын ұсынып отыр. Сондай-ақ грант алуға еліміздің 12 өлкесіндегі тіл жанашырлары ынталылық танытуда.

Қорға келіп түскен жалпы жобалардың сұрап отырған қаржысы 200 млн. теңгеге жетті. Жобаларды құрамында білікті мамандардан жасақталған арнайы комиссия сүзгіден өткізгеннен кейін қай жобаның қанша қаржыға лайық екені анықталмақ. Комиссия шешімі, яғни, бірінші тоқсанда келіп түскен жобалардың нақты нәтижесі сәуір айының екінші жартысында жарияланады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен жылдың қыркүйек айында құрылған бұл қордың негізгі бағыты қазақ тіліне қатысты қарапайым халықтың ой-санасын ояту және қоғамдық бастаманы қолдау мен оны ынталандыру болып табылады.

Осы мақсатта қор үстіміздегі жылдың қаңтар айында алғашқы баспасөз-мәслихатын өткізіп, әр жобаға 100 мыңнан 3 млн. теңге көлемінде грант тағайындағанын хабарлаған болатын. Айрықша айтар мәселе, аталған байқауға қатысушыларға шектеу қойылмайды, яғни, үкіметтік емес ұйымдар, шығармашылық топтар, қоғамдық ұйымдар және жекелеген жандар, тіпті, қаржылық құрылымдар да қатыса алады.

Қорға келіп түскен жобалардың көп болуына байланысты ең әуелі комиссияның сүзгісінен өткен, яғни, өзгелерді қазақ тілін үйренуге қызықтыра алатын, дәл қазір қолға алуға қажет қызықты да, әсері күшті жобалар қаржыландырылатын болады, делінген қордың хабарламасында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны