27.02.2008, 11:09 3492

ОҚО тасқынның келтірген шығындары сенбіге дейін белгілі болады-ҚР индустрия және сауда министрі

ОҚО тасқынның келтірген шығындары сенбіге дейін белгілі болады-ҚР индустрия және сауда министрі

Шымкент. 27 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - ҚР индустрия және сауда министрі Владимир Школьник Оңтүстік Қазақстан облысындағы судың ішінде қалған аудандардың жағдайымен танысып, алдын ала қорытындыларын жасады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Кеше күннің екінші жартысында ОҚО келген министр Сарыағаш ауданына барды. Онда ол зардап шеккендермен сөйлесіп, құтқару жөндеу жұмыстарын көріп қайтты. Кешке В. Школьник облыс әкімдігінде жиналыс өткізді.

"Жалпы жағдай түсінікті. Көмек көрсету үшін нақты сандар мен деректер керек. Зардап шеккендердің басым көпшілігінде тиісті құқықтық құжаттары жоқ болғандықтан, тиісті актілер белгіленіп қаралады. Ал берілетін төлемақы мөлшерін үкімет шешетін болады", - деді В. Школьник алқа жиынында.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күнде су топанынан зардап шеккендерге берілетін өтемақы көлемін белгілеу басты мақсат болып отыр. Оның ішіне үй құрылыстары, дүние мүлкін қалпына келтіру кіреді. "Үй құрылыстары, мүлікті қалпына келтіру, қорда болған азық-түлікті бағалау керек. Адамдар тұрған жер учаскесі де кіреді. Сонымен қатар, жасалуға тиіс инфрақұрылыс жұмыстарының көлемі мен құны, яғни газ құбырларын, су желілерін қалпына келтіру керек. Онсыз адамдар өнімдерін егіп, жинай алмайтын болады. Осының бәрін есептеп, анықтау керек", - деді В. Школьник.

Министрдің пікірінше, мұндай деректер сенбі күнге қарай анықталады. "Кейбір бағаларды біз ертең анықтап, кешке премьер-министрге айтатын боламыз ", - деп түсіндірді ол.

В. Школьниктің айтуынша, жақын уақытта үкіметте бұны шешу үшін қаржы қалай және қандай көздерден алынатыны жөнінде мәселе талқыланатын болады. "Ирине, инфрақұрылымның үлкен бөлігі облыстық бюджеттен қаржыландырылады ", - деді министр облыс әкімі Нұрғали Ишімовтың бұдан бұрын айтқан сөздерін растап.

Жиналыста айтылғанындай, үкімет ОҚО судан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін екі траншпен 500 млн теңге бөлді.

Бұдан бұрын хабарланғанындай, облыс бойынша 2345 нысан судың ішінде қалды. 259 үй бұзылып, 8 мектеп, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 мешіт судың ішінде қалып, екі көпір қирады. Сондай-ақ, көлік жолдарын су шайып, бір адам қаза болды. Ал 12744 тұрғын баспанасыз қалып, 333 мал басы қырылып қалды.

ОҚО ТЖМ департаментінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, ОҚО апаттан құтқару жұмыстарын өткізу үшін 1360 адам мен 90 бірлік техника жұмылдырылған топ құрылды. Соның қатарында 584 адам жеке құрамынан , 90 бірлік өрт сөндіру қызметінің техникасы, шығыл құтқару отрядтары, Көкшетау техникалық институты, су асты құралдары және қайықтармен жабдықталған ТЖМ медициналық апат орталығы бар. Құтқару жұмыстары кезінде су басқан аймақтардан 12744 адам көшіріліп, 408 тұрғын үй мен үш мектептен су айдалып, су шайып кеткен көлік жолдарына құм себілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны