12.07.2007, 10:54 2530

Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл әкімі өзі жұмысқа жалдап алған жүргізушінің ақшасын иемденіп алды; қылмыстық іс қозғалды

ШЫМКЕНТ. 12-шілде. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл әкіміне өзі жұмысқа жалдап алған жүргізушінің ақшасын иемденіп алды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҰҚК-нің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазығұрт ауданы Жигерген ауылдық округ әкімі мен осы округтің тұрғыны бес айға шарт жасасқан. Келісімге сәйкес, өзінің жеке меншік "Нива" көлігі бар жүргізуші әкімге транспорттық қызметтер көрсетеді, ал әкім жүргізушіге ай сайын 24 мың 800 теңге жалақы төлеп тұруға тиіс болған. Екі айдан кейін жүргізушінің "Халық банк" филиалының аудандық бөліміндегі есепшотына 48 мың теңге аударылған. Алайда, жалған құжаттарды пайдаланған әкім бұл ақшаны өзі иемденіп алған.

ҰҚК-нің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің тергеу басқармасы таяуда әкімнің үстінен ҚР қылмыстық кодексінің 176 бабы, 3 тармағы, "г" тармақшасы бойынша (өзіне сеніп тапсырылған мүлікті мемлекеттік функция атқаруға өкілеттілігі бар тұлғаның иемденіп алуы немесе талан-таражға салуы) қылмыстық іс қозғады. Бапта мүлкін тәркілеп, 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны