11.07.2006, 16:16 3508

Оңтүстік Қазақстан облысындағы этноауыл мен этноқалашық жобалары инвесторлардың қолдауына ие болды

ШЫМКЕНТ. 11-шілде. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысындағы этноауыл мен этноқалашық жобалары потенциалдық инвесторлардың қолдауына ие болды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінен хабарлады.

Жуырда облыстық әкімшілікте этноауыл мен этноқалашық жобаларының тұсаукесері облыстағы ірі кәсіпкерлер мен аудан әкімдерінің алдында жасалды. Жобаны облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің туризм бөлімінің, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен “СодБи” бизнес-инкубаторының мамандары жасаған. Жобаға сәйкес, этноауылда билеушінің сарайын, ұлттық асханасы бар туристік көңіл көтеру кешенін, туристер қатыса алатын ұлттық ойындар аймағын орналастыру көзделген. Ал этноқалашықта керуен-сарай, әбзелшілердің көшелері, жайма базарлар, сарайлар аймағы, тұрғын үй кварталы мен шаруалар қорғанының имитациясы болмақ.

Бастапқыда этноауылды Шымкент-Түркістан тас жолының бойында, сонау 1886-жылы Бөген өзені арқылы салынған “Қызыл көпір” аатты сәулет өнері ескерткішінің жанында, ал этноқалашықты Отырар ауданында Отырар мұражай-қорық аймағында орналастыру межеленген-тұғын. Алайда жобаларды талқылау барысында кәсіпкерлер этнотуристік кешендердің ірі елдімекендерден шалғай орналасуына қарсылық білдірді. “Бір кешенді Шымкентте, екіншісін Түркістанда орналастыру керек,- деді кәсіпкер Қайрат Сапарбаев. – Келетіндердің бәрі де осы екі қаланы ешқашан аттап өтпейді. Қала инфрақұрылымын пайдаланып туристер үшін барлық қолайлы жағдайлар жасау жеңіл болмақ”.

Жалпы алғанда кәсіпкерлер таныстырылған этнонысандарға қатысты идеяны қолдады. Ендігі жерде туризм бөлімінің қызметкерлері инвестиция мәселесін дәйектемек.

Туризм бөлімінің бастығы Мусатай Бақаев жобаларға қатысты түсініктемесінде былай деді: “Зерттеуден кейін сарапшылар өңірде туристерге қажетті дүниенің бәрі бар екенін атап өтті. Бірақ біздің бірегей байлығымыз – этникалық мұрамыз мүлдем әжетке жарамай отыр. Шетелдіктер үшін қазақ киіз үйінде болып, көшпендінің тіршілігін кешіп, ұлттық тағамдардың дәмін татып көру, ұлттық ойындарды ойнап үйрену қызғылықты болар еді”.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны