24.05.2019, 21:28 8951

Орал мектептерінде Е-асханалар пайда болады

Батыс Қазақстан облысында "Смарт мектеп" бағдарламасы жүзеге асырыла бастамақшы

Орал. 24 мамыр. Kazakhstan Today - Батыс Қазақстан облысында "Смарт мектеп" бағдарламасы жүзеге асырыла бастамақшы. Оның аясында оқу орындарының асханаларында оқушылар электрондық карточкалардың көмегімен есеп айырысатын болады. Өз кезегінде ата-аналары балаларының ас мәзірін қадағалап отырады. Бұл тамақтану орнындағы қызмет көрсету сапасын арттырады, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және бюджетті тиімді бөлуге септігін тигізбек.

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Оралдағы мектеп асханаларына жұмыс жүргізудің электрондық форматына көшуге нұсқау беріліп отыр. Мұндай шешім 2019 жылдың 22 мамырында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиевтің төрағалығымен мектеп оқушыларының тамақтануын ұйымдастыру мәселесі бойынша өткен "Ақжайық - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің отырысы барында қабылданды.

Бұл жаңалық мектептерде балаларды ыстық тағаммен тамақтандыруды ұйымдастыруда көрініс беріп отырған проблемаларды жоюға мүмкіндік береді, деп пайымдайды "Ақжайық - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Салиева. Оның айтуынша, "мектеп асханаларындағы тамақтың сапасына қатысты арыз-шағымдар көп түседі. Балалар мектеп асханаларында тамақтанудан не мүлдем бас тартады, немесе, ондағы тамақты аз жейді. Осы проблема бойынша ата-аналар көп шағымданады".

"AQJAIYQ ADALDYQ ALANY" жобалық кеңсесі Батыс Қазақстан облыстық Арнайы мониторингтік топ мүшелерімен және қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, биылғы жылғы көктемде бірқатар мектептердегі оқушыларды тамақтандыру мәселесі бойынша мониторинг жүргізген болатын. Жеткізушілердің жұмысымен танысу барысында санитарлық нормаларды бұзудың мынадай оқиғалары анықталды: асхана қызметкерлерінің сыртқы кескін-келбеті талаптарының сәйкессіздігі, фарфор ыдыста жарықшақтардың болуы, асханада бөгде заттардың (қоқыс, сөмке) болуы, қуырылған дайын өнімді сақтау және сату мерзімінің сақталмауы, үстелдерді дер кезінде тазаламау.

"Балалардың мектептердегі тамағының сапасына ата-ананың арыз-шағымының болуы бұл жерде тұрмыстық сипаттағы сыбайлас жемқорлықтың бар екенінен хабар береді", дейді Әлия Салиева. Оның пайымдауынша, бұл - жекелеген бір асханаға ғана қатысты емес, жалпылама проблема. Егер бұрын білім беру мекемелеріндегі тамақтану мәселесін мектеп директорлары ұйымдастырып келген болса, бүгінгі күні бұл функцияны қала және аудандардың білім басқармалары мен бөлімдерінің құзырына беру жоспарланып отыр. Сол арқылы мектептердің басшылықтары осынау бюрократиялық күнделікті күйбеңнен босатылып, білім беру мекемелерінің басшылығы тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендетілмекші. Балаларды тамақтандыру бойынша байқауды ұйымдастыруды электрондық нұсқаға көшіру адами факторды жояды және байқауды ашық әрі объективті өткізуге көмектеседі, дейді Әлия Салиева. Ал келесі оқу маусымынан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отырған оқушылардың тамақ үшін ақыны электрондық жүйеде төлеу мүмкіндігі ата-аналарға өз балаларының мектеп асханаларындағы шығындарын бақылап отыруға ғана емес, сонымен бірге баласының түскі асқа дәл қандай тамақ жегенін дәл біліп отыруға да мүмкіндік береді.

"Smart school" жүйесінің жобасын жасаушылар атап өткендей, бұл жаңалық мемлекеттік бюджетті үнемдеуге, ал ата-аналарға өз балаларының мектеп асханаларындағы тамақтануын қадағалап отыруға мүмкіндік тудырады. "Ата-аналары шотқа ақша құйған жағдайда, балалар картаны пайдаланып, мектеп асханасында тамақ үшін ақы төлей алады. Бұл ретте қосымша арқылы жұмсауға болатын ақшаның мөлшеріне, сондай-ақ, мәселен, баланың аллергиясы болған жағдайда белгілі бір өнімдерге шектеу қоюға, яғни, баланың қандай тағаммен тамақтанатынын таңдап отыруға болады. Мектеп үшін бұл - ең алдымен ашықтық пен қауіпсіздік мәселесі, сол арқылы ешкім бөгденің ақшасын ала алмайды. Барлық қаражат картада болады, оны қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкін емес, - деп түсіндірді "Smart school" жүйесінің жобасын жасаушы Болат Меншік. - Бұдан бөлек, бюджеттің есебінен тамақтанатын оқушылардың қаржысына бақылау қойылатынын да айта кету керек. Демек, адами фактор болмайды, тамақтың дәлме-дәл есебі жүргізіледі, - деді Болат Меншік.

"Қолма-қол ақшамен ешкім жұмыс істемейді. Бұл жерде кассир де, инкассатор да керек емес, банкке комиссия төлеудің де қажеті жоқ. Артықшылықтары көп. Ата-аналар балаға қандай тамақ қажеттігін таңдап, оның тамақтанған-тамақтанбағанын қадағалап отыра алады. Тиісінше, арыз-шағым айтатындар азаяды. Бұның бәрі уақыт пен ақша үнемдеуге жол ашады", - деп сендірді Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болуы, мектептегі тамақтандыру қызметін ұсынуға алақол жетізушілерге жол беру ата-аналар тарапынан тек балаларының мектеп асханаларында тамақтанудан бас тартуына байланысты наразылық тудырып қана қоймай, сонымен бірге бұл балалардың денсаулығына да кері әсерін тигізуде. Балалардың денсаулығы мен олардың тамағының сапасы - басты мәселе, ал бұған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мүлдем жойылғанда ғана қол жеткізе аламыз, дейді отырысқа қатысушылар.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны