08.12.2012, 11:53 3129

Оралда Жастар саясаты жөніндегі кеңестің XIII көшпелі отырысы өтті

Оралда екі күннен бері ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі Кеңестің XIII көшпелі отырысы өтіп жатыр.

Орал. 8-желтоқсан. Kazakhstan Today - Оралда Жастар саясаты жөніндегі кеңестің XIII көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Оралда екі күннен бері ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі Кеңестің XIII көшпелі отырысы өтіп жатыр. Оған еліміздің батыс аймағындағы Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті атқарушы билік пен жастар ұйымдарының өкілдері қатысуда.

Басқосуда жастар саясатын дамыту, жастар мен жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету тетіктері түсіндірілді. Жастар жайлы әңгіме қозғалғанда Мағжанның "Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін!" деген жыр жолдары еске оралады. Бүгінде жастардың жағдайын жақсартып, жастар саясатын дамытуға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп келеді. Оған "Болашақ", "Жасыл ел", "Дипломмен ауылға!", "Жас мамандар қоры" сияқты мемлекеттік бағдарламалардың оңтайлы жүзеге асырылуы дәлел. Елбасының бұл салаға ерекше көңіл бөлуінің арқасында жастар саясатындағы жобаларды қаржыландару 7 жылда 10 есеге артты. Ел азаматтарының 5 миллиондайы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар.

Елімізде Жастар ісі жөніндегі комитет, облыстық басқармалар мен аудандық орталықтар құрылып, жұмыс істей бастады. Жиында жастар саясатын дамыту үшін мемлекеттік, азаматтық, кәсіпкерлік, отбасылық және бұқаралық ақпарат құралдары сияқты бес сектормен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің маңызы мен оларды баспанамен қамту жайы сөз болды. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің жауапты хатшысы Салауат Дембай "Қолжетімді тұрғын үй-2020" және "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасының басымдықтарына тоқталды. "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы 2015 жылға дейін жыл сайын жалпы көлемі 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп отырады, оның 200 мың шаршы метрі жас отбасыларға арналған пәтерлер.

Кеңес мүшелері түстен кейін қала және ауыл жастарымен кездесті. Зелёнов ауданының орталығы Перемётное ауылындағы кездесуде жастардың мүддесін қорғау және қолдау мәселелері, 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының Тұжырымдамасына ұсыныстар енгізу жайы талқыланды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны