03.04.2007, 15:21 3502

Өскеменде орталық көшелердің атауы өзгертілмекші

ӨСКЕМЕН. 3-сәуір. Kazakhstan Today. Өскеменде орталық көшелердің атауын өзгерту мәселесі шешілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Өскемен қалалық әкімшілігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі меңгерушісінің орынбасары Эльдар Төлеубековтың хабарлауынша, ономастикалық комиссияға Шығыс Қазақстан облысы орталығындағы негізгі көшелердің атауын өзгерту жөнінде өтініштер келіп түсті. Комиссия осы мәселе бойынша жиналыс өткізгенімен, ақырғы шешім қабылданған жоқ.

Мәселен, Ленин атындағы алаңды Республика алаңына, ал Ленин атындағы даңғылды Тәуелсіздік даңғылына айналдыру көзделген. Киров атындағы саябаққа "Жастар" атауы, Пролетарская көшесіне Ришат пен Мүслім Абдуллиндердің есімін беру ұсынылды. Республикаға танымал әртістер - ағалы-інілі Абдуллиндер Өскеменнің тумалары, олардың Қазақстан мәдениетін дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Сонымен бірге Э.Төлеубековтың айтуынша, Өскемендегі бір көшеге қазақ ғалымы, академик Қаныш Сәтпаевтың есімін беруге шешім қабылданды.

"Ономастикалық комиссияның келесі отырысының мерзімін біз әзірге айқындаған жоқпыз. Біз негізінен кемінде тоқсанына бір рет жиналып тұруға тиіспіз. Бірақ атқарылатын жұмыстар мен шешілмеген проблемалар қат-қабат болғандықтан, комиссия келесі жолы сәуірде жиналатын шығар",- деді ол.

Ономастикалық комиссия түрлі көшелердің атауын өзгерту қажеттігі жөнінде нұсқау ғана бере алады. Ал бұл мәселе бойынша ақырғы шешімді қалалық мәслихаттың депутаттары қабылдайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны