27.10.2006, 16:38 3360

"Отан" партиясы жеке баспана тұрғызуға жер телімдерін беру мәселелерін реттеуді талап етеді

"Отан" партиясы жеке баспана тұрғызуға жер телімдерін беру мәселелерін реттеуді талап етеді

АСТАНА. 27-қазан. Kazakhstan Today. "Отан" партиясы республика үкіметі мен жергілікті атқарушы билік органдарынан азаматтарға жеке баспана тұрғызуға жер телімдерін беру мәселелерін толық әрі нақты реттеуді және үкіметтің тиісті қаулысын жер-жерлерде "сөзсіз орындауды қамтамасыз етуді " талап етіп мәлімдеме жолдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біз бұл мәселемен айналысатын әрбір мемлекеттік мекемеге қаулыны жүзеге асыру тәртіптері жөніндегі егжей-тегжейлі әрі анық ақпаратты дайындап назарына ұсыну, сондай-ақ, барлық өтініштерді белгіленген мерзімде мұқият қарап, оларға қатысты негізді шешімдер қабылдауды міндеттеу қажет деп санаймыз",- делінген "Отан" республикалық партиясының саяси бюросының мәлімдемесінде.

"Отан" республикалық партиясының пікірінше, еліміздің Жер кодексінде заңдастырылған еліміздің әрбір азаматы жеке баспана тұрғызуға тегін жер телімін алу құқығы "нақты жүзеге асыру тетіктермен қамтамасыз етілмеген", ал жер телімін иемденуге құқық беру жөніндегі ережелер бекітілген үкіметтің қаулысы да "бұл мәселені шешуге қажетті ұйымдастырушылық шарттармен және жүзеге асыру тетіктерімен қамтамасыз етілмеген". "Жалпы алғанда азаматтардың әл-ауқатын арттыру және тұрғын үй құрылысын дамыту тәрізді игі мақсатқа бағытталған бұл қаулы жүзеге асыру тұрғысынан алғанда орталықта да, жергілікті жерлерде де қажетті ақпараттық-түсіндірме және ұйымдастыру шараларымен мүлдем бекітілмеген",- делінген мәлімдемеде.

"Соның салдарынан жергілікті атқарушы билік органдары өтініштерді қарау тәртібіне, азаматтарға жеке баспана тұрғызуға жер телімдерін беру, әсіресе Алматы мен Астанада жер телімдерін беру мүмкіндігі немесе мүмкін еместігіне қатысты біріне-бірі қарама-қайшы әрі келісілмеген ақпараттар таратуда. Өтініштерді қарау барысы да жеткілікті дәрежеде ашық емес",- делінген құжатта.

"Отан" партиясы "азаматтардың заңды құқығына қайшы мұндай жағдайға жол беруге болмайды" деп санайды. "Жеке баспана тұрғызуға тегін жер телімдерін беру құқығы шын мәнісінде еліміз азаматтарының әл-ауқатын арттыру мен үй-жаймен қамтамасыз етілу жағдайын жақсартудың нақты тетігіне айналуға тиіс",- делінген мәлімдемеде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны