17.03.2010, 15:53 3506

"Өзенмұнайгаз" ӨФ директоры Бағытқали Бисекен өз еркімен қызметінен кетті

"Өзенмұнайгаз" ӨФ директоры Бағытқали Бисекен өз еркімен қызметінен кетті

Астана. 17 наурыз. Kazakhstan Today - "Өзенмұнайгаз" ӨФ директоры Бағытқали Бисекен өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today компанияның жұртшылықпен байланыс бөліміне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "наурыздың 15-і күні "Өзенмұнайгаз" ӨФ директоры Бағытқали Бисекен өз еркімен қызметінен кетті. Ол өзінің филиал қызметкерлеріне жасаған мәлімдемесінде ереуілшілердің қойып отырған талаптарына сәйкес, шиеленіскен жағдайды шешуге септігін тигізіп, ӨМГ-дегі өндірістің ырғағын қалпына келтіруге мүмкіндік береді деген сеніммен осындай қадамға барғанын атап өтті".

"Б.Бисекен ӨМГ-де қызмет істеген уақытта, 2009 жылдың желтоқсанынан бері, филиалда мұнай өндіру көлемі көрсеткіштерінің өсуі байқалды, байқау негізінде жұмысқа қабылдау жүйесі сәтті өтті, сондай-ақ ӨМГ жұмыскерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бағдарламасын жүзеге асыру жалғасты, соның аясында кәсіпшіліктерде асханалар, медициналық бөлімшелер, шаруашылық-тұрмыстық кешендер және басқа нысандарға жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚМГ БӨ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Владимир Мирошников ӨМГ директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды",- деп хабарлайды компаниядағылар.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Өзенмұнайгаз" ӨФ-де мұнай өндіру жалғасуда. ӨМГ өндірістік нысандарының үзіліссіз жұмысын қамтамасыз ету үшін инженерлік-техникалық қызметкерлер, кезекші операторлар мен диспетчерлер тәуліктік ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Ирбір жарты сағат сайын мұнайгаз нысандарын аралау жүргізілуде. Мұнай дайындау және айдау цехы қалыпты технологиялық режимде жұмыс істеп тұр.

"Бұл ретте 3-наурыздан бері жұмыс істеп тұрған өндіруші ұңғымалар саны 3046 бірліктен 334 бірлікке азайып, 2712 ұңғыманы құрады. Ал бекітілген технологиялық режимнен төмен өнім беріп тұрған ұңғымалар саны 306 бірлікке артып, 777-ке жетті. Жұмыс істеп тұрған тоғытылған ұңғымалар саны 844-тен 814-ге дейін азайды",- делінген хабарламада.

"Ұңғымалар қорына қызмет көрсету режимінің бұзылуы, мұнай кәсіпшілігі қондырғыларына дер кезінде жөндеу жұмыстары жүргізілмеудің салдарынан 17-наурыз күнгі жағдай бойынша жиынтық мұнай өндіруді жоғалту алдын-ала бағалаулар бойынша 10 300 тоннаны құрады. Компанияның жылдық мұнай өндіру көрсеткішіне әсер ету дәрежесі филиалдың тұрақты өндірістік қызметінің қаншалықты жедел қайта қалпына келтірілуіне байланысты.

Үстіміздегі жылдың 4-16 наурызы аралығында күн сайын 1,5 мыңнан 3,8 мыңға дейін негізінен ұңғымалар қорына қызмет көрсету және көліктік қамтамасыз етуге тартылған филиал жұмыскерлері ауысымға шықпады",- деп хабарлайды жұршылықпен байланыс бөлімі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны