07.04.2010, 11:26 2943

Пан Ги Мун ядролық қаруды толығымен жоюды қолдайды

"Мұнда 450-ден аса атом бомбасы сыналды, сол арқылы адамдар мен табиғатқа аса қорқынышты залал келтірілді. Сынақтар қоршаған ортаны біржола жойып, жерді, өзендер мен көлдерді уландырды, рак пен тумысынан пайда болатын ақаулықтармен ауыратын кемтар-кембағал балаларды дүниеге әкелді", - деді ол ұлығаусар қиратушы күші бар сансыз сынақтарға куәгер болған жерде тұрып сөйлеген сөзінде Пан Ги Мун.

Алматы. 7 сәуір. Kazakhstan Today - БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Семей ядролық полигонында, ядролық қарулар сынақтан өткізілген ошақта болды. Сол арқылы ол осы аптаға тағайындалған, ядролық қаруды азайту жөніндегі жаңа келісім-шартқа қол қойылатын американ-ресейлік саммит қарсаңында жоғарғы деңгейдегі нышандық ишара жасады, деп хабарлайды Kazakhstan Today БҰҰ сайтына сілтеме жасап.

Ядролық полигонда сөз сөйлеген БҰҰ бас хатшысы АҚШ президенті Барак Обаманың АҚШ-тың ядролық қару қолдануды шектеуге бағытталған жаңа саясатын қолдайтынын және бұл қадамды ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге бағытталған аса маңызды бастама ретінде қабылдайтынын мәлімдеді. (Сейсенбі күні Вашингтон ресми түрде АҚШ-тың жаңа ядролық доктринасын жария етті, соған сәйкес Америка Құрама Штаттары енді атом қаруы жоқ елдерге қарсы ядролық соққы беру және оны химиялық және биологиялық шабуылға жауап ретінде қолдану ниетінен бас тартады).

"Бұл жаңалықты естуге бұдан қолайлы жерді тіпті де ойлап таба алмаймын. Мұнда 450-ден аса атом бомбасы сыналды, сол арқылы адамдар мен табиғатқа аса қорқынышты залал келтірілді. Сынақтар қоршаған ортаны біржола жойып, жерді, өзендер мен көлдерді уландырды, рак пен тумысынан пайда болатын ақаулықтармен ауыратын кемтар-кембағал балаларды дүниеге әкелді", - деді ол ұлығаусар қиратушы күші бар сансыз сынақтарға куәгер болған жерде тұрып сөйлеген сөзінде.

Пан Ги Мун Нұрсұлтан Назарбаевты Семей ядролық сынақ полигонын жабуда атқарған рөлі үшін "кемеңгер лидер" деп атаса, республикада 1991 жылы ядролық қарудың барлық түрлерінің жойылуын - "аса көреген қадам, нағыз тәуелсіздікті жария ету" деп бағалады.

"Бүгінгі күні бұл полигон қарусызданудың нышаны және келешекке деген сенімнің белгісі болып табылады... Қазір бізде ядролық қаруды жою жөнінде Семейде жүктеп алған міндеттеме нақты ахуалға айналады деген үлкен үміт бар", - деді ол. БҰҰ бас хатшысы осы орайда бейсенбіде Прагада саммит өтетінін, онда Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведев өздерінің ядролық қару қорын шамамен үштен бір бөлікке қысқарту жөніндегі келісім-шартқа қол қоятынын атап өтті.

"Осындай бастаманың үлгісі ретінде Америка Құрама Штаттары ядролық қарудың жаңа түрлерін жасаудан бас тартады. АҚШ алғаш рет осындай қаруы жоқ елдерге қарсы ядролық қару қолданбау міндеттемесін алады, ондағы шарт - бұл елдер ядролық қару таратпау режимін сақтауға тиіс және оны тіпті АҚШ-қа қарсы шабуыл жасалғанда да қолданбауы қажет", - деді ол.

БҰҰ бас хатшысының айтуынша, ол келесі аптада Вашингтонда өтетін ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитті Ресей, АҚШ пен басқа да ядролық қаруға ие елдердің жетекшілерін ядролық қарудан толық бас тартуға үндеу алаңы ретінде пайдаланбақшы. "Ядролық қарудан азат әлем құру - БҰҰ-ның бірінші кезекті мақсаттарының бірі және адамзат дүниесінің ең өзекті талпынысы", - деп мәлімдеді ол.

"Мен бүгін Семей жерінде тұрып барлығын Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын. Қазақстан қарусыздану процессінде көшбасшы болды, оның үлгісі басқаларды да осындай қадамға бастауы керек. Бас хатшы ретінде мен әлемді ядролық қарудан тазарту үшін бар күш-жігерімді салатын боламын", - деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны