03.07.2006, 16:03 2780

Парламент депутаттары мен экологиялық ұйымдардың өкілдері Каспий қайраңын игеруші компаниялардың іс-қызметін қадағалауды қамтамасыз етуді сұрап Елбасына хат жолдады

АЛМАТЫ. 3-шілде. Kazakhstan Today. Қазақстан парламентінің депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері Каспий қайраңындағы мұнай кеніштерін игеруші компаниялардың іс-қызметін қадағалауды және мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді сұрап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдады. Бұл туралы бүгін Kazakhstan Today ақпараттық агенттігінің баспасөз орталығында өткен қысқаша баспасөз мәслихатында “Табиғат“ экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Біз Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігіндегі кешенді экологиялық және мониторинг мақсатындағы зерттеулерді үйлестіру, сондай-ақ, Каспий теңізінің экологиялық жүйесі ахуалын мемлекеттік қадағалау міндетін уәкілетті мемлекеттік ғылыми-зерттеу мекемелеріне жүктеу қажет деп санаймыз”,- делінген ашық хатта.
“Бұл шаралар Каспий теңізіндегі жан-жануарлар әлемі мен олардың тіршілік ортасын сақтап қалу үшін айрықша қажет”, деп пайымдайды Қазақстанның қоғам қайраткерлері.

Каспий проблемасы көптен бері көтеріліп келеді, дейді М.Елеусізов. “Каспий - әлемдік нарыққа бекіре тұқымдас балықтардың 90 процентін шығаратын жалғыз су қоймасы. Қазір олар құрып кетудің аз-ақ алдында”,- деп пайымдайды “Табиғаттың” жетекшісі. “Каспий қайраңын қарқынды игеру – теңіздегі тіршілік атаулының құрып кетуіне алып келмек. Жуырда белең алған итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу оқиғасы бұған дәлел”,- деді ол.

М.Елеусізовтың айтуынша, бүгінде «Agip KCO» бір ғана ұңғыны пайдалануға берді. Каспий қайраңында жалпы алғанда 400 ұңғы салу көзделіп отыр. “Барлық ұңғылар жаппай іске қосылған кезде хайуанаттар, құстар мен балықтардың халі қандай болатынын көзге елестете беруге болар”,- деді эколог.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны