01.11.2006, 16:53 2746

Парламенттің депутаттары Қазақстанның мұнайгаз секторында шетелдердің үлесінің арта түсуіне алаңдаушылық білдіреді

АСТАНА. 1-қараша. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстанның мұнайгаз секторындағы шетелдердің үлесінің арта түсуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мәселен, депутат Валерий Котович "Қытайдың мұнайгаз саласына баса көктеп келіп жатқанынан" тіксінеді. "Қазақстанда жұмыс істейтін бірқатар мұнай компанияларын сатып алуға бағытталған ауқымды жұмыстар біздің көз алдымызда жүргізіліп жатыр. Бұл әрекетке олар тіпті боларда-болмай төтесінен кірісуде",- деп мәлімдеді депутат. "Бұл компанияларды сатып алған жағдайда Қытай еліміздегі мұнай өндірісінің 28 процентін бақылауға алады. Ал бүгінде "Маңғыстаумұнайгазбен" жүргізіліп жатқан сауда-саттық аяқталған жағдайда, бұл көрсеткіш 40 процентке жетеді",- деді депутат.

Қазақстанның мұнайгаз секторында шетелдердің үлесінің арта түсуіне алаңдаушылық білдірген мәжіліс депутаты Виктор Егоров Қазақстанның ұлттық мүддесінің сақталып отырғанына күмән келтірді.

"Қытайдың еліміз экономикасындағы проблемаларға қалай қарайтынына нақты мысал келтіру үшін Шығыс Қазақстан мен Ертісті атасақ жетіп жатыр", деді ол. "Қытайлықтар өз елінде судың ағысын бұратын канал қазып жатыр. Бұл әрекет Қазақстандағы экологиялық ахуалға қалай әсер етеді деген сауал бар. Олар тіпті бұл тақырыпта келіссөздер жүргізуге де үзілді-кесілді қарсылық білдіруде. Бұдан әрі жағдайымыз қандай болады? Мұнай өндірудің 40 процентін бақылауға алса ше? Қазақстанның ұлттық мүддесі бұл жерде қаншалықты ескерілген?",- деген сауал тастады халық қалаулылысы.

Депутат Илихан Бәйменовтың айтуынша, "Қазақстанда мұнай өндіру жәнеп сату саласында негізгі төрт топ жұмыс істейді: отандық мемлекеттік, шетелдік жеке меншік, шетелдік мемлекеттік, сондай-ақ, отандық жеке меншік немесе олардың араласқан түрі". Осыған байланысты мәжіліс депутаты үкімет басшысынан аталмыш топтардың әрқайсысының үлесі туралы, үкіметтің осы саладағы орта және ұзақ мерзімді перспективадағы басымдықтары туралы, экономиканың аталмыш саласындағы отандық бизнестің үлесін арттыру мақсатында үкімет іске асыруды межелеп отырған шаралар туралы ақпарат беруді сұрады.

И.Бәйменовтың пікірінше, Атырау облысында жуырда болған оқиға "экономиканың базалық саласы болып табылатын мұнайгаз секторындағы үкіметтің жоспарларының ашықтығына қатысты проблеманың өзектілігін арттыра түспек".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны