Система Orphus

Президент Әкімшілігі мен Үкімет комиссиялары Аягөз орталығында жүргізген тексерудің нәтижелері жарияланды

12.08.2020 5428

Алматы. 12 тамыз. Kazakhstan Today - Қазақстандағы медициналық-әлеуметтік мекемелерде (бұдан әрі - МӘМ) көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында жұмыс тәсілдері өзгеруде. Оның ішінде биылғы жылдың сәуір айында елді дүрліктірген оқиға орын алған Аягөз балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бірқатар шаралар қабылданды. МӘМ жұмысын жақсарту тетіктері, әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары ведомствоаралық кеңестің отырысында талқыланды.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі (бұдан әрі - Еңбекмині) Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (бұдан әрі - ШҚО) Әлішер Мархабат, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, бейінді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Президент Әкімшілігі мен Үкімет комиссиялары Аягөз орталығында жүргізген тексерудің нәтижелері жарияланды.

Тексерулер нәтижелері орталықта арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандарттарының толық сақталуы бөлігінде бірқатар заңбұзушылықтар болғанын және де мекеме басшылығы тарапынан бұл бағытта тиісті бақылау жасалмағанын көрсетті.

Медициналық сараптама балалар ауруханада негізгі және қатар жүретін аурулардың, соның ішінде ауыр туа біткен патологиялардың салдарынан қайтыс болды деген қорытындыны айқындады.

Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, әкімдік заңбұзушылықтарды жою үшін шұғыл шаралар қабылдады. 2 ғимаратты жөндеуге, балалар алаңдарын абаттандыруға 139,5 млн теңге бөлінді. ЕДШ үшін тренажерларды, мониторларды, көпфункционалды кереуеттерді сатып алуға, "бұлтты" сақтауы бар қосымша бейнекамераларды орнатуға қосымша 46,9 млн теңге қосымша қарастырылған. Орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға 3,5 млн теңге бөлінді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта орталықта тағы бір тұрғын жай құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Жаңа ғимарат лифтімен, паллиативті топ үшін ұйықтайтын бөлмелермен, медициналық бекеттермен, ойын бөлмесімен және асханамен жабдықталады. Ескі корпуста алаңдарды босатуға байланысты қосымша кабинеттер мен залдар (ЕДШ, спортзал және т.б.) орналастырылатын болады.

Сондай-ақ, мекемеде кадрлық өзгерістер болды. Орталықта директор мен медициналық бөлімше меңгерушісі қызметінен босатылды. Директор қызметіне 20 жылдық тәжірибесі бар, бұрын облыстың бас педиатры қызметін атқарған педиатр-дәрігер тағайындалды. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы орталықпен жұмыс бөлімінің бастығы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, Аягөз ауруханасының бас педиатрына қатаң сөгіс жарияланды. Орталық құрамында госпиталь эпидемиологы штаты ашылды.

Еңбекмині Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің түйткілді мәселелерді шешуге сапалы тұрғыда күш салғанын атап өтті.

Кездесу барысында ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Асқар Аймағамбетов ведомствоаралық үйлестіруді күшейту мақсатында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, білім беру басқармаларының және медициналық бақылау қызметтерінің бірлескен бұйрығы қабылданғанын жеткізді.

Сонымен қатар, Еңбекмині карантиндік шектеу шаралары алынып тасталғаннан кейін еліміздегі стационарлық сипаттағы барлық 136 мемлекеттік МӘМ-ге қызмет алушылардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуы бойынша кешенді тексеру жүргізу бастамасын көтерді.

Сондай-ақ, Еңбекмині медициналық-әлеуметтік мекемелердегі көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, олардың қызметінің ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз ету бойынша 22 ұсыныс әзірлеп, әкімдіктерге жіберді. Бүгінгі таңда МӘМ жанынан қоғамдық кеңестер құру, МӘМ бюджеттерін ашық түрде жариялау, әлеуметтік желілерде парақшалар құру, қамқорлықтағы жандардың интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету және тағы басқа бірқатар ұсыныстар орындалды. Қоғамдық кеңестердің құрамына қамқорлықтағылардың туыстары мен жақындары, салалық сарапшылар, әкімдіктер жанындағы Қоғамдық кеңестердің мүшелері және ҮЕҰ өкілдері кірді, олар қызмет алушылардың құқықтарының сақталуын және қаражаттың жұмсалуын бақылайды.

Қазіргі уақытта ЮНИСЕФ және ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы "Қамқорлық қоры" корпоративтік қорымен бірлесіп, 11 мыңнан астам әлеуметтік қызметкерлерді одан әрі оқыта отырып, тестілеу өткізуге дайындық басталды, бұл олардың білімі мен біліктілігінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметкерлердің этикалық принциптері мен мінез-құлқының негізгі стандарттарын анықтайтын әлеуметтік қызметкерлердің мінез-құлық этикасына арналған әдістемелік ұсыныстардың жобасы жасалды.

Айта кетейік, Еңбекмині жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардан МӘМ қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар жинады Биыл Еңбекмині халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуді жақсартуға бағытталған бірқатар тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеуді жоспарлап отыр: Қазақстанда әлеуметтік қызмет жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі ұлттық іс-қимыл жоспары, әлеуметтік қызметкерлерге үздіксіз білім берудің тұжырымдамалық тәсілдері, отбасы жағдайын анықтау әдістемесі және "Әлеуметтік қызметкердің әлеуметтік мәртебесі туралы" заңның тұжырымдамасы.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны