07.09.2007, 10:09 1840

"Протон" құлаған жерде диаметрі 40 метрлік шұңқыр түзілген

"Протон" құлаған жерде диаметрі 40 метрлік шұңқыр түзілген.

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 7 қыркүйек. ЖЕЗҚАЗҒАН. Жезқазған маңында "Протон" зымыран тасығышы құлаған жерде диаметрі 40 метрлік шұңқыр түзілген, деп хабарлады агенттік тілшісі кеше кешке Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобының құрамында апат болған жерді тікұшақпен айналып шыққаннан кейін.

"Шұңқырдың диаметрі шамамен 40 метр, сол жерде 8 - 9 метр тереңдікте ғарыш кешенінің қалдықтары жатқан секілді", - деген түсініктеме берді топ құрамындағы ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров.

Тікұшақпен аумақты айналып шығу барысында зымыран-тасығыштың тағы да бес сынығы байқалды. Олардың үлкендігі жарты метрден асады. "Сынықтар табылған жерлердің бәрін біз картада белгілеп алдық", -деді В. Петров.

Алдын-ала мәліметке сәйкес, апат болған сәтте "Протонда" шамамен 60 тонна гептил мен 160 тонна амил болған. "Бұл жерде жұма күні мамандар жұмыс істеп, жердің, топырақ пен ауаның ластану деңгейін айқындайды", - деді В. Петров.

"Оқыс оқиғаның құла түзде болғаны бізді қуантады. Бұл өңірде елдімекендердің жоқ екеніне көз жеткіздік, тек жекелеген жалғыз-жарым қыстаулар мен жайылып жүрген аз мал көрінді. Комиссия зымыранның ұшу траекториясын қарастырады, сол кезде зымыранның Жезқазған қаласына құлау мүмкіндігінің қаншалықты жақын болғандығы анықталады", - деді В. Петров.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 6 қыркүйек күні түнде Байқоңырдан ұшырылған "Протон-М" зымыран тасығышы, "Бриз-М" үдеткіш блогы мен Жапонияның JCSAT-11 ғарыштық аппаратымен Жезқазғаннан 40 шақырым жерге құлады.

Ұшырылым белгіленген мерзімде- Астана уақытымен 4 сағат 43 минутта ұшырылған, алайда ұшырылымның 135 секундында зымыранның екінші саты қондырғысының қозғалтқышы апатты жағдайда өшіп қалған.

"Протонның" құлау себептерін зерттеу және экологиялық шығынды бағалау үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпуновтың басқаруымен мемлекеттік комиссия құрылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны