17.04.2007, 15:08 3599

Семей әкімшілігінде жаңа тағайындаулар болды

СЕМЕЙ. 17-сәуір. Kazakhstan Today. Бүгін Семей қалалық әкімшілігі аппаратында болған кеңесте қала әкімі Мейрамхат Айнабеков жаңа тағайындаулар туралы құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Атап айтсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары болған Серікқазы Оразалиев қала әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі болып Қанатжан Төлесбаев тағайындалды. Бұған дейін ол Семей қаласы әкімінің орынбасары болған.

Қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау және кадр мәселелері жөніндегі бөлімінің бастығы болып Айтқали Ибілқасымов бекітілді. Ол бұрын қалалық зейнетақы және жәрдемақы төлемдері бөлімін басқарған. Сонымен бірге қалалық құрылыс бөлімінің меңгерушісі болып облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық департаменті директорының орынбасары болған Бауыржан Ибішев тағайындалды.

Аппараттағы кеңес барысында М.Айнабеков қалалық әкімшілікте бұдан былай да ауыс-түйістер болуы мүмкіндігін жоққа шығармайтынын хабарлады. "Адамдардың көбісі ескі әдістермен жұмыс істейді, жұмыс бөлмелерінде отырып алып қағазбастылықпен шұғылданады. Бөлмеден шықпастан жиналыстар өткізеді. Егер нәтиже болмаса, маған сіздердің қағаздарыңыздың қажеті жоқ",- деді ол ауыс-түйістердің себебіне берген түсініктемесінде.

Осы орайда еске сала кетсек, М.Айнабеков әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелері жүргізіп жатқан жұмыстардың қарқыны мен сапасына сын айтқан болатын. Ол мамандарды қатал әрі талапшылдықпен бағалайтынын жеткізген. "Біз адамдар үшін, оларға қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеп отырмыз. Ал шешімін таппаған әрбір мәселе әлеуметтік наразылық тудырып, атқарушы биліктің беделін түсіреді. Біз бұған жол бермейміз",- деді Семей әкімі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны