04.04.2007, 12:47 3360

Семейде жыл басынан бері 62 дәріхана дүңгіршектерінің лицензиясы тоқтатылды

СЕМЕЙ. 4-сәуір. Kazakhstan Today. Семейде жыл басынан бері түрлі заң бұзушылықтары үшін 62 дәріхана дүңгіршектерінің лицензиясы тоқтатылды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық фармацевтикалық бақылау басқармасының бастығы Ләззат Үсіпғалиева Семейлік дәрігерлер қауымымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Оның айтуынша, бірінші тоқсанда дәріхана дүңгіршектерінің жұмысынан 267 заң бұзу дерегі анықталған. Барлық заң бұзушылықтар квалификациялық талаптарға сай келмеуге байланысты.

"Алаң мөлшеріне қарай нормативке сай келмейтін, қажетті жабдықтары жоқ, сақтау жағдайлары жасалмаған көптеген дүңгіршектер анықталған. Мұндай жағдай дәрілердің физикалық және химиялық қасиеттерінің жойылуына алып келу салдарынан олар адамдардың денсаулығына нұқсан келтіреді. Сонымен бірге кәсіби білімі жоқ адамдар жұмыс істейтін дүңгіршектер де анықталды. Бұл адамдар тіпті дәрі-дәрмекті сақтаудың қарапайым ережелерін білмейді және олардың әсері туралы айтып бере алмайды",- деді Л.Үсіпғалиева. Оның атап көрсетуінше, кейбір дүңгіршектерде дәрілік заттарды рецепт бойынша босатуға жол берілген, ал шын мәнісінде оларға рецептісіз сатылатын дәрі-дәрмек саудасына ғана рұқсат берілген.

"Тәртіп бұзушыларға біз әкімшілік айыппұлдар саламыз. Егер осындай жазаны бір нысанға қатысты бірнеше қайталап қолдануға тура келген жағдайда біз лицензиясын кері қайтарып алып жатырмыз. Жыл басынан бері осындай себеппен 62 нысан жабылды",- деді Л.Үсіпғалиева.

Оның айтуынша, қазір Шығыс Қазақстан облысында дәрілік заттардың айналымы саласында 1 мыңдай фармацевтикалық нысан жұмыс істейді. Бөлшек сауда желісіндегі нысандардың басым бөлігін дәріханалық дүңгіршектер иемденеді. Семейде олардың үлесі 60 процентке жетеді. Бұл Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш. "Бұл мәселенің бізді алаңдататын себебі, дәрілік заттарды сақтау мен сату ережелерін бұзу оқиғаларының басым бөлігі дәл осы дәріханалық дүңгіршектердің үлесіне тиюіне байланысты",- деді Л.Үсіпғалиева. "Дәрілік өнімдерді дәріхана мекемелері арқылы өркениетті жағдайда сатуға ден қоятын уақыт жетті",- деді ол.

Л.Үсіпғалиеваның айтуынша, фармациялық бақылау басқармасы Семейдегі бірқатар арнаулы білім беру мекемелерінің жұмысындағы заң бұзушылықтарды да анықтады. "№3 балалар үйінде қолдану мерзімі өтіп кеткен дәрілік заттар анықталды, сондай-ақ мұнда дәрілерді сақтау шарттары бұзылған. Сонымен бірге тексерілген бір де бір білім беру мекемесінде медициналық қызмет көрсетуге берілген лицензия болмаған. Ал сөйте тұра олар түрлі медициналық процедуралар жүргізіп, арнаулы бөлмелер ұстаған",- деді Л.Үсіпғалиева. Беті ашылған заң бұзушылықтар жайлы ақпарат Шығыс Қазақстан облыстық білім беру департаментіне жолданды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны