16.03.2012, 17:13 3482

Семейліктер көлік қозғалысына бөгет жасауда

Семей тұрғындары қала сыртындағы саяжайға апаратын жолда апат жиілеп, адам шығыны күрт көбейіп кеткеніне наразы. Қалыптасқан жағдайға олар шенеуніктерді кінәләп отыр. Жергілікті билік адамдардың жол үстінде көз жұмып жатқанын білсе де, еш қарекет етпей жүргеніне қынжылады жұрт. Төзімі шыдас бермеген тұрғындар бүгін жолды жауып, көлік қозғалысын бөгеді.

Астана. 16-наурыз. Kazakhstan Today - Семейліктер көлік қозғалысына бөгет жасауда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

КТК телеарнасының хабарлауынша, Семей тұрғындары қала сыртындағы саяжайға апаратын жолда апат жиілеп, адам шығыны күрт көбейіп кеткеніне наразы. Қалыптасқан жағдайға олар шенеуніктерді кінәләп отыр. Жергілікті билік адамдардың жол үстінде көз жұмып жатқанын білсе де, еш қарекет етпей жүргеніне қынжылады жұрт. Төзімі шыдас бермеген тұрғындар бүгін жолды жауып, көлік қозғалысын бөгеді.

Жолдың үстіне қаз-қатар тізілген адамдарды көріп "Ақ серек, көк серекке" салып тұр ма дерсіз. Алайда бұлардың жөні бөлек. Көліктерге жол бермей, бөгет құрған семейліктер жергілікті шенеуніктер мен жылдамдықты асыратын жүргізушілерге наразылық білдіруде. Таяуда дәл осы төңіректе 12 жасар оқушыны жүйткіген көліктердің бірі оңдырмай қаққан. Байғұс қыз бүгінде аурухананың жансақтау бөлімінде ес жияр емес.

" Бала былай түсініктеме берген: "Мен 50 шақырым жылдамдықпен келдім",- дейді. 50-мен келе жатса ана бала бамперді сындыра ма?! Алдыңғы терезені сындыра ма баспен?",- деп кейіді зардап шеккен қыздың әжесі Күнсұлу Жайлаубаева.

Ибден мезі болғантұрғындар уақыт созбастан жергілікті әкімдікке бас сұққан. Алайда шекпенділер шырылдаған жандардың өздерін кінәлап, ерсі қылық көрсетсе керек.

"Икімдіктегі 109-ші кабинетте отыратын әйел: "Саяжайда өңшең маскүнемдер тұрады! Мас болғасын қағады!",- деп жауап береді. Зардап шеккен 12 жастағы бүлдіршін де мас болғаны ма сонда!? Ал учаскелік испектор басыңды жарып, түрмеге қамаймын деп шошытты!",- деп мәлім етті Семей қаласының тұрғыны Жанна Суркова.

Ашынған жұртты сабасына түсіру үшін әп-сәтте тәртіп сақшылары да жетті. Алайда олар да төзімі қалмаған адамдарды жұбата алмады.

" Жергілікті тұрғындар осы жолды бірнеше жылдан бері "Қанды өткел" деп атап кеткен. Мұнда не жаяу жүргінші жолағы, не бірде-бір бағдаршам жоқ. Ал тақтайдай тегіс жолдың үстімен жүйткіген көлік жетерлік",- дейді олар.

Асаулық танытқан темір тұлпарларға тұсау салар жол сақшылары да тиісті белгілерді орнату керектігі жайлы айтқандарын алға тартуда. Алайда еш нәтиже болмапты. Семейдің әкімі шалғайдағы тұрғындардың жан айқайын естіді ме, әйтеуір, біраз уақытта ол да қарасын көрсетті.

"Талаптарыңызды өте орынды деп санаймын! Барлық тиісті шараларды қолға аламын", деп уәде берді Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов.

Қала басшысының сөзіне тұрғындар сенім білдірді. Алайда қалыптасқан жағдай өзгеріссіз қалса, әкімдіктің алдына жиналып, наразылық білдіруге дейін барамыз деп тарқасты жұрт.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны