29.09.2006, 13:30 3075

Шахтадағы жарылысқа техникалық және ұйымдастырудағы заң бұзушылықтар себеп болған, апат салдарынан келген шығын көлемі 0,5 млрд. теңгені құрады - комиссия

ШАХТИНСК. 29-қыркүйек. Kazakhstan Today. Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтадағы жарылысқа техникалық және ұйымдастырудағы заң бұзушылықтар себеп болған, апат салдарынан келген шығын көлемі 0,5 млрд. теңгені құрады. Бұл туралы бүгін үкіметтік комиссияның төрағасы Шалбай Құлмаханов комиссияның жұмысын қорытындылау барысында хабарлады.

"Электр схемаларды бұзу техникалық себеп болса, ұйымдастырудағы кемшіліктер ретінде инженерлік-техникалық қызметкерлер мен шахта жұмысшыларының еңбек және өндірістік тәртіптерді бұзуын атауға болады. Адамдардың өзіне жүктелген функцияларды дұрыс атқармай, ешбір ұйымдастырусыз әрі келісімсіз әрекет етуінен болған",- деді Ш.Құлмаханов.

Комиссияның қорытындысына сәйкес, апаттың шығуына нақты 23 адам кінәлі, соның ішінде "Миттал Стил Теміртау" АҚ көмір департаментінің атқарушы директоры Григорий Презент пен "Миттал Стил Теміртау" АҚ-ның бас директоры Навал Чаудхари да бар. Ш.Құлмахановтың айтуынша, "біріншісі еңбек қауіпсіздігін қадағалауды қамтамасыз ете алмаған босла, екіншісі жұмысшылардың қауіпсіздігіін қамтамасыз ету жөніндегі келісім шартын бұзған".

Төтенше жағдайлар министрінің хабарлауынша, адамдарды өлімге душар еткен жарылыс салдарынан компания 501 млн. теңгенің шығынына ұшырады. Атап айтсақ, 140млн. теңге тікелей апаттан келген шығын болса, 361 млн. теңге қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы ретінде төленеді.

Ш.Құлмахановтың хабарлауынша, қаза тапқандардың арасында да үш адамның апатқа кінәлі екендігі анықталды. "Олар да мерт болды. Бірақ олардың отбасыларына да өтемақы төленеді",- деді министр.

Сөз соңында Ш.Құлмаханов осындай оқиғаның енді қайталанбауын тіледі. "Біз болған оқиғаны болашаққа сабақ ретінде қабылдап, тиісті қорытынды жасауымыз керек",- деді комиссия төрағасы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны