23.01.2007, 14:11 3094

Шахтинск қаласында Ленин атындағы шахтада болған жарылыстан 41 кеншінің қаза табу дерегіне қатысты сот мәжілісі басталды

ШАХТИНСК. 23-қаңтар. Kazakhstan Today. Қарағанды облысының Шахтинск қалалық сотында Ленин атындағы шахтада болған метан жарылысынан 41 кеншінің қаза табу дерегіне қатысты сот мәжілісі басталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.
Сот мәжілісі бүгін 11 сағатта судья Мағауия Балапановтың төрағалық етуімен басталды. Шахтаның 8 қызметкеріне айып талғылған. Атап айтсақ, Ленин атындағы шахтаның бас инженері Василий Тонких, бас механик Иван Сысуев, бас энергетик Сергей Боргуль, учаске бастығы Владимир Сулейменов пен учаске механигі Николай Ковалев сотқа жауапқа тартылып отыр. Бұл бес адамға ҚР Қылмыстық кодексінің "еңбек қорғау ережелерін бұзу жөніндегі" 152-бабының 1 және 2-тармақтары, "тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізуде қауіпсіздік ережелерін бұзу жөніндегі" 245-бабының 1 және 2-тармақтары және "міндетіне лайықты қарамау жөніндегі" 232-баптарына сәйкес айып тағылған.
Тағы үш адамға - қауіпсіздік техникасы және желдеткіш участкесінің бастығы Сергей Иванковқа, ауысым бастықтары Юрий Дуденко мен Хаким Кенгезбаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізуде еңбек қорғау және қауіпсіздік ережелерін бұзу жөніндегі екі бабы бойынша айып тағылды. Соңғы үшеуі сотқа дейін ешқайда кетпеу жөннідегі қолхатпен бостандықта болған. Олар қамауға алынған жоқ.
Бүгінгі сот мәжілісінде айыпкерлер өздерін кінәлі деп санамайтындықтарын мәлімдеді. "Біз өзімізге айып тағылғанын 8-қаңтарға дейін білген жоқпыз. Біз тек айыптау қорытындысымен ғана таныстық. Біз өзімізді айыптымыз деп санамаймыз",- деді процеске қатысушылардың бірі.
Мәжіліс барысында адвокаттар бірнеше өтініш жасады. Атап айтсақ, олар сот мәжілісін басқа орынға, мәселен, Шахтинск қаласындағы кеншілер сарайына ауыстыруды сұрады. Қалалық соттың ғимаратына бар-жоғы 30 адам сыяды. Ал бүгін мәжіліске 70-ке жуық адам, соның ішінде айыпкерлер мен қаза тапқандардың туыстары, адвокаттар, прокурорлар, қоғамдық қорғаушылар мен журналистер келді.
Судья ұсыныспен келісті. "Бұл мәселені біз қарайтын боламыз",- деді М.Балапанов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ленин атындағы шахтада метанның жарылысынан 41 кенші қаза тапты, 12 адам жараланды. Апат салдарынан келген шығын көлемі 44 млн 664 мың . теңгені құрады. Шахтада жұмыс істеген үкіметтік комиссия жарылыстың шығуына еңбек қорғау талаптары мен қауіпсіздік техникасын өрескел бұзу себеп болған деп тапты. Комиссияның қорытындысына сәйкес, апаттың шығуына нақты 22 адам кінәлі. Соның ішінде "Миттал Стил Теміртау" АҚ-ның бұрынғы басшылары да бар. Алайда, шахтаның 8 инженерлік-техникалық қызметкеріне ғана айып тағылып отыр. Кеншілердің қазасына қатысты қылмыстық іс 29 томға жетті.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны