04.01.2007, 15:35 3472

Шардарадағы су көлемі 1,8 млрд. текше метрге жетті

ШЫМКЕНТ. 4-қаңтар. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара су қоймасындағы су көлемі 1,8 млрд. текше метрден асып кетті деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісіне "Оңтүстік су шаруашылығы" РМК су пайдалану бөлімінің бастығы Бахтияр Темірбаев.

"Шардара бөгеніндегі су көлемі былтырмен салыстырғанда 300 млн. текше метрге көп. Өткен жылы су көлемі 1 млрд. 588 млн. текше метр болатын, ал бүгінде 1 млрд. 895 млн. текше метрге дейін жетіп отыр", - деді Б. Темірбаев. Сонымен қатар, ол әзірге ахуалдың күрделене түскені туралы ақпараттың түспегенін атап өтті.

Б. Темірбаевтың мәліметтеріне сүйенсек, Шардараға құйылған су секундына 822 текше метрді, ал жіберілетін су секундына 605 текше метрді құрайды. Оңтүстік Қазақстан аумағындағы Сырдарияда мұз енді ғана қатып жатыр.

Сонымен қатар, мамандар қырғыз жағы биыл Тоқтағұл бөгенінде аз көлемде су ұстап отыр деп хабарлайды. "Қазір Тоқтағұлда 14 млрд. 470 млн. текше метр су бар, өткен жылы осы кезеңде 16 млрд. текше метр су болған, олар сонда осы көлемнен төмендетпеуге тырысқан". Тоқтағұлдан секундына 710 текше метр су жіберіледі.

Б. Темірбаевтің пікірінше, қырғыз жақтың осы әдісі табиғи ахуалға негізделген. "Олар қардың көптігін, ол еріген кезде судың және көктемде жаңбырдың мол болатындығын ескеріп отыр", - деп жорамалдайды мамандар.

Тоқтағұл су қоймасының жобалық көлемі 19,5 млрд. текше метрді құраса, Шардара су қоймасының жобалық көлемі 5,4 млрд. текше метрді құрайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны