11.09.2015, 14:03 5229

Шекарашылар халықаралық іздеуде жүрген шекара бұзушыны құрықтады

Үстіміздегі жылдыӊ 5 қыркүйегінде, түнгі сағат 22.25-те Сарыағаш шекара отрядыныӊ "Арлан" десанттық шабуылдау заставасынан жасақталған шекара нарядыныӊ әбжіл қимылдарыныӊ нәтижесінде, Мемлекеттік шекараны бұзып, еліміздіӊ аумағынан Өзбекстанға қарай заӊсыз жолмен өтуге әрекеттенген екі Өзбекстан азаматы ұсталды

Астана. 11 Қыркүйек. Kazakhstan Today - Үстіміздегі жылдыӊ 5 қыркүйегінде, түнгі сағат 22.25-те Сарыағаш шекара отрядыныӊ "Арлан" десанттық шабуылдау заставасынан жасақталған шекара нарядыныӊ әбжіл қимылдарыныӊ нәтижесінде, Мемлекеттік шекараны бұзып, еліміздіӊ аумағынан Өзбекстанға қарай заӊсыз жолмен өтуге әрекеттенген екі Өзбекстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Шекара бұзушылардыӊ оп-оӊай берілетін ойлары жоқ екендігін және олардыӊ әдеттегі "жүргіншілер" еместігін бірден аӊғарған шекара нарядыныӊ басшысы-келісімшартты әскери қызмет сержанты, өзіне бекітілген қызметтік тапаншасынан ескерту ретінде оқ атуға мәжбүр болды.

Күдік расталды. Кейіннен белгілі болғандай, ұсталғандардыӊ бірі көршілес елдіӊ аумағында жасаған ауыр қылмысы үшін халықаралық іздеуде жүрген, кездескен жерде бірден тұтқындауға санкция берілген қылмыскер екен. Шекара нарядыныӊ тепсе-темір үзетін атпал заматтардан тұратын "Арлан" тобынан жасақталуы, шекара бұзушылар тарапынан тегеурінді қарсылыққа кездесуге сақадай-сай дайын болуы да кездейсоқтық емес еді. Өзбекстан Республикасыныӊ шекарашыларымен орнаған қарым-қатынас шеӊберінде әр түрлі қылмыстары үшін көрші елдіӊ құқық қорғау органдарыныӊ іздеуінде жүрген адамдар туралы мәліметтер алдын ала алынған-тын. Сол алынған мәліметтер бойынша кешенді тексеру шараларын жүргізген Сарыағаш шекара отрядыныӊ аумақтық өкілі Сарыағаш ауданыныӊ аумағында 2014 жылдыӊ желтоқсанынан бері халықаралық іздеуде жүрген "С" деген Өзбекстан азаматыныӊ жасырын тұрып жүргендігін, тыныш жатпай, Өзбекстан азаматтырыныӊ Мемлекеттік шекарадан заӊсыз өтіп тұруын жолға қоятын жасырын "соқпағын" салуға талпынып жүргендігін анықтаған болатын. Кез-келген қауырт жағдайға үнемі сақадай-сай жүру шекарашылардыӊ әдеттегі күйі. Дегенмен іздеудегі адам ауыр қылмысқа күдікті болғандықтан, бұл жолғы "құрықтаудыӊ" жөні бөлек болды.

ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз орталығы

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны