18.05.2009, 18:04 2594

Шығыс Қазақстан облысында ауыл мектебінің директоры тасқын кезіндегі ерлігі үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық медалімен марапатталды

Шығыс Қазақстан облысында ауыл мектебінің директоры тасқын кезіндегі ерлігі үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық медалімен марапатталды

Өскемен. 18 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданы Сенное ауылының орталау мектебінің директоры Иван Бердюгин Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық медалімен марапатталды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "осынау ұяң әрі қарапайым кісі Сенное ауылының тұрғындарын қайғылы жағдайдан аман алып қалды".

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың сәуір айында аталмыш ауылды су басқан. Бұқтырма өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі және мұздың жиналуы салдарынан ауылдың 13 үйіне су кірген, ал екі үй тіпті қалпына келтіруге болмайтындай зардап шекті. Ауыл тұрғындары мұндай жағдай бұрын- соңды болмаған дейді.

Бұл күні, таңғы сағат 3.30-да жергілікті тұрғындар мектеп директорына су көтерілгендігі хабарлайды. Бердюгин саспастан жергілікті билік өкілдерін ТЖ туралы құлағдар етіп, ауылдықтарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын ұйымдастыруға кіріседі. Оның жіті әрекетінің арқасында адам шығыны болмады.

"Алғашқы келгенде адамдар суға батып, мерт болды ма деп шошыдым. Бірақ Құдайға шүкіршілік, бәрі жақсы болды", - деп құтқарушы-директор оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Енді Иван Бердюгин батыл істері үшін Владимир Божконың бұйрығымен "Төтенше жағдайдың алдын алу және оны жою" медалімен марапатталды. Ал директордың пікірінше, бұл медаль ұжымға тиесілі, апатта көмек көрсеткендерге.

Иван Бердюгин жергілікті мектептің директоры болып 1987 жылы 22 жасында тағайындалған. Сол кезден бері ол балаларды Отанға деген сүйіспеншікке тәрбиелеп келеді.

Сондай-ақ, облыс әкімінің және ТЖ министрінің атынан И. Бердюгинге ноутбук пен теледидар, ал мектепке барлық құралдары бар жап-жаңа компьютер табысталды.

Еске сала кетейік, үкімет су тасқынға қарсы шараларға ШҚО үшін 451 млн теңге бөлген, оның 150 миллионы Катонқарағай ауданына тиесілі. Бұл қаражатқа Бұқтырма өзенінің жағасы бекітіліп, зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Қазірдің өзінде Сенное ауылында үйлер қалпына келтіріліп, жол жөнделуде және бөгет салынуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны