13.02.2008, 18:58 2813

Шығыс Қазақстан облысының әкімі ауылдық округтердің басшыларына 87 жаңа көлік табыс етті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі ауылдық округтердің басшыларына 87 жаңа көлік табыс етті

Семей. 13-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Жәнібек Кәрібжанов ауылдық округтердің басшыларына жаңа көліктердің кілтін табыс етті. Бұл туралы бүгін "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Мекеменің ақпараттарына сүйенсек, облыс әкімі "Азия Авто" зауыты шығарған "Нива" - "ВАЗ-2121" маркалы 87 жеңіл көліктің кілттерін ауылдық округтердің басшыларына табыс етті. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 106 млн 140 мың теңге бөлінген болатын.

"Мұндай қадам әрбір ауыл әкімі бір бірінен алыс орналасқан бірнеше елді мекенге жауап беретіндігіне байланысты",- деді Ж. Кәрібжанов. Ол сондай-ақ, "облыс басшылығы тиісті нәтижелерді талап ете отырып, әкімдердің тиімді жұмыс істеуі үшін жағдайдай жасамақ", деп атап көрсетті.

Бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов 28-қаңтар күні үкіметтің селекторлық жиынында облыс әкімдеріне бюджеттік ұйымдар сатып алатын жеңіл көліктердің қажеттіліктері және ол көліктерге қойылатын талаптар туралы ақпаратпен екі аптаның ішінде таныстыруды тапсырған болатын.

"Икімдерге екі аптаның ішінде бюджеттік ұйымдар сатып алатын жеңіл көліктердің қажеттіліктері және ол көліктерге қойылатын талаптар туралы ақпаратты Индустрия және сауда министрлігіне ұсынуды тапсырамын", - деген еді К. Мәсімов.

Осы мәселе бойынша мәлімдеме жасаған индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың түсіндіргеніндей, отандық өндірістің көліктеріне мемлекеттік тапсырыс беру мүмкіндігін қарастырған дұрыс. "Қазақстанда қазірдің өзінде көлік құрастыратын үш бірдей кәсіпорын бар. Басқаларын да ашу жоспарланып отыр. Қазақстанда шын мәнінде автомобиль өнеркәсібі пайда болды", - деп атап көрсеткен болатын министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны