23.01.2007, 11:53 2741

Шымкент соты балаларға ВИЧ індетін жұқтыру дерегіне қатысты қылмыстық іс бойынша адвокаттардың судьяны өзгерту туралы өтінішін қабылдамады

ШЫМКЕНТ. 23-қаңтар. Kazakhstan Today. Шымкент соты балаларға ВИЧ індетін жұқтыру дерегіне қатысты қылмыстық іс бойынша адвокаттардың судья Зиядинхан Пірниязды ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Айыпкерлердің қорғаушылары істі қайталап тексеруге жіберуді сұрайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Кеше кешке балаларға ВИЧ індетін жаппай жұқтыру дерегіне қатысты қылмыстық іс бойынша сот мәжілісінің кезекті отырысы аяқталғаннан кейін адвокаттар журналистерге судьяны ауыстыру туралы өз өтініштерінің қабылданбағанын, судья мен мемлекеттік айыптаушы өзгермейтінін жеткізді.

"Заңда айтылғандай, егер басты сот талқысы барысында куәгер ретінде сұраққа тартылу мүмкіндігі бар жағдайда прокурорды өзгертуге болады деген бапты біз өз өтінішімізге негіз етіп алған едік. Өйткені, кейбір айыпкерлердің айтуынша, біз ауыстыруды сұрап отырған прокурор айыпкерлерден тікелей жауап алуға қатысқан",- деді адвокат Мусатай Бектасов.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, прокурорды өзгертуді талап етуге процессуалдық нормалардың сақталмауы себеп болған. Заңнамаға сәйкес, адвокаттар сот мәжілісін ашық немесе жабық есік жағдайында өткізу туралы мәселе шешілген техникалық отырысқа шақырылуға тиіс болатын, алайда адвокаттардың ешқайсысы бұл отырысқа шақырылмаған. Олар сот мәжілістінің жабық есік жағдайында өткізілетіндігінен бейхабар қалған.

Ал адвокаттар соттың ашық өткізілуін жақтайды. "Бірінші кезекте бұл қоғамға қажет. Адамдар бұл оқиғаны бақылау арқылы СПИД туралы білетін болады. Бұл да осынау індетпен күрестің тағы бір түрі",- деп санайды М.Бектасов.

Адвокаттардың хабарлауынша, екінші отырыста олар істі қайталап тексеруге жіберуді сұраған. Өйткені, олар "тергеу жүрді-барды жүргізілген" деген пікірде. "Індеттің таралуына себеп болған нақты айыпкер анықталмаған", дейді олар.

Сонымен бірге адвокаттар отырыс өтіп жатқан жағдайға наразылық білдірді. "Жұмыс істеу жағдайы мүлдем көңілімізден шықпайды. 20 адвокаттың бесеуіне ғана отырып жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Біз отырыс барысында заттарымызды, киімдеріміз бен қағаздарымызды қолымызда ұстап отыруға мәжбүрміз. Дұрыс жұмыс істеу үшін басқа зал табу керек деп ойлаймын",- деді адвокат Николай Кемер.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 19-қаңтарда Шымкентте балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру дерегіне қатысты қылмыстық іс бойынша сот мәжілісі басталды. Сотқа 21 адам, соның ішінде 8 медицина қызметкері айыпкер ретінде тартылған. Айыпкерлерге әрбір айыпкердің қылмыстық құрамына байланысты пара алу, алаяқтық, қымқыру, немқұрайдылық жөніндегі 4 бап бойынша айып тағылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны