29.06.2020, 22:53 12344

Тағы бір мемлекетте қазақ диаспорасы пайда болды

Биыл біз Солтүстік Кипрдегі қазақ диаспорасын тіркедік, кешікпей тұсаукесерін өткіземіз, дейді Гүлжан.

Алматы. 29 маусым. Kazakhstan Today - Әлемде қазақтар қоныстанатын тағы бір мемлекет пайда болды. Бұл - кезінде Ұлыбританияның колониясы болып, кейін Солтүстік Кипр атанған Еуропадағы арал-мемлекет. Осы елде тұратын Гұлжан Құстыбаевамен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Ақтөбеде банктің департамент директоры болған ол шетелге көшкен тарихын баяндайды.

Сұхбаттасушы туралы аз-кем ақпарат: Құстыбаева Гүлжан, 47 жаста. Қазақстанның ірі банктеріндегі жұмыс өтілі 25 жыл. Соңғы жұмыс орнында департамент директоры болған.

Менің білуімше, сіз Қазақстанда банк құрылымындағы басшылық қызметтен кейін Солтүстік Кипрге қоныс аудардыңыз. Мұндай шешім қабылдауыңызға не себеп болғанын айтып берсеңіз?

Мен уақытша болса да тұру үшін қоныс аударатын елді көптен бері іздестіріп жүргенмін. Көптеген елдерде болдым және турист ретінде қандай да бір елге барған соң осында қалсам қалай болар еді деген тұрғыда зерттейтінмін. Алдымен жылжымайтын мүлік сатып алу немесе жалға алу құнын, азық-түлік өнімдерінің бағасын, білім беру және медицина саласын зерделедім. Бүкіл Еуропаны аралап шықтым, Тайланд, Біріккен Араб Әмірліктері және Түркияда болдым. Әр елден келген сайын қалтама шақ келмейтінін ұғынушы едім. Бағасы Солтүстік Кипрмен шамалас бола тұра, Түркияны да солай деп таптым. Бірақ мәселе тек бағада емес, қандай да бір елде заңды түрде тұру мүмкіндігі аса маңызды. Барлық елдерде, соның ішінде Түркияда да тұрғылықты тұруға рұқсат алу үшін жылжымайтын мүліктің құнын 100% төлеу талап етіледі. Ал кез-келген елде тұрғылықты тұруға рұқсат болмаса, тек турист деген мәртебемен ғана өмір сүре аласың.

Осылайша, барлық елдерді сырттай немесе көзбе-көз зерттей жүріп, әр күн өткен сайын шетелге көшу туралы ойыммен қоштаса бастаған едім. Бірақ, бір күні Солтүстік Кипр туралы естіп білгенім бар емес пе! Бұл елде тұрғылықты тұруға рұқсат алу үшін жылжымайтын мүліктің құнын 30% ғана төлеу талап етіледі екен! Көшу туралы шешім қабылдауда осы жайт шешуші рөл атқарды.

Қазір не істеп жүрсіз? Бөтен елде тұру қандай екенін айтып берсеңіз? Не себепті Солтүстік Кипрді таңдадаңыз?

Қазір мен Солтүстік Кипрде MoreWay атты компанияны Қазақстандағы филиалымен аштым, кеңсесі - Нұр-Сұлтан қаласында. Компания Солтүстік Кипрде жылжымайтын мүлік саудасы мен білім беру (мектептер, ЖОО, тіл дәрістері) саласымен айналысады. Кипр Ұлыбританияның бұрынғы колониясы болғандықтан, британдық білім беру жүйесінің стандарттарын сақтап қалған.

Жергілікті түрік-киприоттар өте ақжарқын, жылы шырайлы адамдар. Сондықтан өзімізді бөтен елдегідей сезінбейміз. Өзімізді үйдегідей сезінеміз және Солтүстік Кипрді кіші отанымыз деп ұғамыз.

Солтүстік Кипр менің бюджетіме сәйкес келген ел болды. Яғни, мұндағы баға Қазақстандағы бағамен шамалас. Кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы мен қызметтердің құны біраз қымбаттау болғанымен, мысалы, маусымдық жемістер мен көкөніс өнімдері, атап айтқанда, жергілікті банан, апельсин, мандарин, лимон және басқалары маусымда Қазақстандағыдан да арзан. Сонымен бірге мұнда төрт маусымның киім-кешегін алудың қажеті жоқ. Егер отбасы үлкен болса, бұл тағы бір бюджет үнемдеудің ауқымды көзі. Яғни, біз күртке, тымақ, етік пен тон алуға ақша жұмсамаймыз. Егер менің отбасымда 5 адам барын есептесек, бұл - біршама үнемдеу. Кипрде қыста жеңіл күртке мен кроссовки, ал жазда - шолақ шалбар мен теркөйлек киіп шығасың. Ең бастысы, небәрі 10 күнге теңізге бару үшін бүтін жыл бойы ақша жинаудың қажеті жоқ, өйткені, мұнда күнде теңіздің жанында жүресің!

Өзіңізді қай елдің азаматымын деп сезінесіз? Көшу туралы шешіміңізге өкінген кездеріңіз болды ма?

Әлемнің азаматы ретінде сезінемін! Әлем жаһандана түсті және елдер арасындағы шекара барған сайын жоғалып барады. Қазір Қазақстанның азаматы бола тұра, бірнеше елде тұрғылықты тұру рұқсатымен бүкіл әлемді визасыз аралап шығу мүмкіндігі бар. Қазақстан өз азаматтарына басқа елде тұрғылықты тұру рұқсатын алуға шектеу қойып отырған жоқ, ал мен өз азаматтығымды ауыстыруға ниетті емеспін!

Тіпті алғашқы кезде де, аралда тұруға бейімделу оңай болмаған сәттерде де өкінген емеспін! Жылдың 360 күнінде аспанда күн күлімдеп, теңіз жаныңда толқып жатқанда өкіну мүмкін бе? Алғашқы кездері тек жұмыс істеу қиын болды, өйткені, демалушы синдромын жеңу оңай болмады. Ал кейінірек демала жүріп жұмыс істеуге үйрендім.

Келешек жоспарыңыз қандай?

Болашақ жоспарымыз әдеттегідей ауқымды. Біз тек Солтүстік Кипрде ғана емес, Оңтүстік Кипрде де, Еуропада, Ұлыбританияда, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа елдерде де жылжымайтын мүлік саудасымен айналысуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін алғашқы қадамдар жасалып та қойды. Біз Түркия, нақтырақ айтсақ, Аланиядағы дауажайлық жылжымайтын мүлік саудасымен шұғылдана бастадық.

Сіздің балаларыңыз енді Солтүстік Кипр азаматтары болып өсе ме? Олар өз келешегін қай елмен байланыстырады?

Менің балаларым Солтүстік Кипр азаматтары болмайды, олар Қазақстанның азаматтары қалпына қала береді. Бірақ Солтүстік Кипр ғана емес, басқа да елдердің, мысалы, Еуропа, Америка және Англияда тұрғылықты тұруға рұқсат алар.

Бізге бөтен елдің азаматтығы қажет емес, өйткені, ондайда бізге Қазақстанның азаматтығынан бас тартуға, артынан Қазақстанға бару үшін виза алуға тура келер еді. Оның бізге қанша қажеттігі бар? Қазақстанда қалған туыс-туғандарымыз көп және оларға біз жиі барып тұрамыз, оның ішінде жұмыс бабымен және той-томалақ, жерлеу және т.б. шараларға барамыз.

Келешекте қандай да бір елге бауыр басқымыз келмейді. Мүмкін, бастапқыда Солтүстік Кипрде, кейін Еуропада тұратын шығармыз? Кейін Солтүстік Кипрге қайта оралармыз? Өйткені, қазір мен елуге таядым, ал кәрілікті жылы жақта өткізуді қалар едім. Қазақстанда саяси және экономикалық ахуал тұрақтанбайынша, оралғымыз келмейді.

Мәселен, тоқсаныншы жылдары батысқа шығып кеткен бұрынғы КСРО азаматтары кейін қайта кері оралды.Осындай құбылыстың себебі неде деп ойлайсыз?

КСРО-ның жоспарлы экономикасынан кейін бірден капиталистік модельге ауысу оңай емес, адамдардың кері қайтуына басты себеп осы шғар деп ойлаймын. Қазақстанда тұрған кезде біз капитализмге біртіндеп көше бастадық. Ал олар мұны күрт бастан кешті. Меніңше, қазіргі адамдар батысқа қоныс аударып жатса, енді мұндай тауқыметпен кездеспейді және кез-келген елге оңай бейімделе алады.

Адам отанынан алыстап кетпей тұрып "отан" сөзінің нақты мәнін жақсы түсінбейді. Ал ел ішіне қайта келгенде, бәріне қатысты көзқарасың өзгереді. Бұдан келіп "алыстан сыйласқан артық" деген тұжырымға келетін секілдісің. Бұған келісесіз бе?

Толық келісемін! Мен үшін отан жалғыз - ол әрдайым Қазақстан болып қала береді. Менің отбасым мен анам, кейін кейбір дос-жарандарым қазір Кипрде. Карантинге дейін ай сайын кем дегенде 15 қазақстандық отбасын қарсы алатынбыз. Олардың кейбірі демалуға келсе, кейбірі инвестиция салуға келетін... Биыл біз Солтүстік Кипрдегі қазақ диаспорасын тіркедік, кешікпей тұсаукесерін өткіземіз. Сол себепті мен мұнда өзімді отанымнан мүлдем ажырап қалғандай сезінбеймін. Отанымды жан-тәніммен сүйемін және ол үшін алаңдаймын, онда менің туыстарым мен достарым қалды.

Солтүстік Кипрде бизнеспен айналысу қаншалықты оңай? Екі елдің айырмашылығы мен ұқсастығы қандай?

Мен Қазақстанда ешқашан жеке бизнеспен шұғылданған емеспін. Сондықтан ұқсастығы мен айырмашылығы туралы түсініктеме бере алмаймын. Бірақ өз үлгім арқылы Солтүстік Кипрде шетелдік үшін компания ашу және бизнес жүргізу оншалықты қиын емес деп айтар едім. Жергілікті мемлекеттік органдар шамасынша ыңғайлы жағдай жасайды және тексерістермен немесе салықтармен тұншықтырмайды. Мүмкін осындай себептен де болар, кейінгі кездері Кипрде тіркелген, бірақ негізгі бизнесін Қазақстанда жүргізетін компанияларды жиі кездестіретін болдық.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны